Жетісуда инвесторлар халықаралық әуежай салмақшы

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 580
Бөлім: САЯСАТ

«Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағының аумағында заманауи әуе айлағы салынбақ. Бірлескен Қазақстан-неміс жобасына 250 млрд. теңге инвестиция тартылып, «SKYHANSA» ЖШС компаниясы 700 жұмыс орнын құрады деп жоспарланған. Жоба үш кезеңнен тұрады. Қуаты 50 мың тонна жүк тасымалдауға, жолаушылар терминалынан сағатына 500 адамға дейін өткізуге қабілетті. Жобаны іске асыруға қатысты мәселелер бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың инвесторлармен кездесуі барысында талқыланды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Іскерлік кездесуде Бейбіт Исабаев Жетісу облысының транзиттік әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан ТМД елдері мен Еуропаға дейінгі маңызды маршруттардың қиылысында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА орналасқан, оның құрамына Құрғақ порт, жалпы ауданы 5 мың гектарға жуық логистикалық және индустриялық аймақтар кіреді.

- Бүгінгі таңда «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының бірыңғай тізіліміне 56 қатысушы тіркелген, олардың жалпы құны 800 млрд. теңгеден асатын жобалары бар. «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты – Арнайы экономикалық аймақтың негізгі нысандарының бірі. Бұл Орталық Азиядағы аумағы 103 гектарға жуық жерді алып жатқан ең ірі Құрғақ порт. Ол теңіз логистикалық хабтарының айрықша баламасы болып отыр. Сол сияқты Қазақстан бойынша теңгерімінде өзінің теміржол инфрақұрылымы бар жалғыз терминал. АЭА аумағында инвесторлар үшін, сол қатарда шетелдік инвесторлар үшін де жеңілдіктер мен артықшылықтар, арнайы тарифтер қолданылатынын атап өтуге болады. АЭА-да қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, аумақта халықаралық жүк-жолаушылар әуежайының ашылуы транзиттік әлеуетті одан әрі дамытуға оң ықпал етеді. Сіздермен бүгін алғаш рет кездесіп отырмыз, барлық сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынмын, - деді өңір басшысы.

«SKYMAX TEHNOLOGIES» компаниялар тобы» ЖШС Бас директоры Ерік Шортанбаев жоба жайлы кеңінен әңгімелеп, бірінші кезекте өзінің неміс серіктестерін, яғни жобаға инвестиция салуға ниетті «The Hansa Consortium» компаниясының өкілдерін таныстырды. Инвестордың айтуынша, жоба үш кезеңнен тұрады. Халықаралық жүк-жолаушылар әуежайын салудан бөлек, мұнда қажетті инфрақұрылыммен қамту, сондай-ақ оны кезең-кезеңімен кеңейту, өндірістік қуатын ұлғайту, қонақ үй, сауда-ойын-сауық орталығын іске қосу көзделген. Осылайша жоба 2032 жылы толығымен аяқталады. Ал әуежай 2027 жылы жұмысын бастайды деп жоспарланған.

Е. Шортанбаевтың айтуынша, жобаны іске асырудың І кезеңінде әуежайдың негізгі инфрақұрылымы салынады, ал І және ІІІ кезеңдерде қосымша инфрақұрылымдарды аяқтау, жолаушылар терминалының өткізу қабілетін, жүк және отын қоймаларының қуатын кеңейту қарастырылған. Сондай-ақ, инвесторлар сауда, туристік қызметтер, сондай-ақ тамақтану және орналастыру қызметтерінің кешенін кеңейтіп, дамытуға ниетті. Атап өтсек, әуе лайнерлеріне заманауи Jet a-1 отыны пайдаланылмақ.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, жобаны іске асыру үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі:

- Әуежай салудағы тәжірибелеріңізді ескере отырып, біз өз тарапымыздан осы стратегиялық маңызды жобаның нәтижелі іске асырылуы үшін, атап айтқанда, сыртқы инфрақұрылымды жүргізу мәселелерінде заң аясында қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл байыпты дайындықты қажет ететін маңызды жоба. Сіздердің қандай міндеттеме алатындарыңызды, біздің тарапымыздан нақты қандай қолдау керектігін, соның бәрін әр кезеңге егжей-тегжейлі нақты белгілеу керек. Жобаны кешіктірмей іске асыру үшін қандай жұмыстарды қатар жүргізу керектігін де бірлесіп қарастырайық, - деді облыс әкімі.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Облыс әкімдігі тарапынан келісімге кәсіпкерлік және инвестиция тарту салаларына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қол қойды.

Еске салсақ, бұған дейін инвестор компания «Skyhansa» ЖШС мен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, сондай-ақ «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА басшылығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған болатын. Сондай-ақ, инвесторлар шағын авиацияны дамыту жайында ұсыныстарын да жеткізген. Осы бағытта Талдықорған қаласының әкімдігімен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

 

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай