САРЫЖҮРЕК САЗДАРЫ (ӨЛЕҢ)

Уақыты: 05.05.2023
Оқылды: 1198
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

І. Сал-сәуір

Сәуір көшіп барады бұлтыменен,
Дәуір көшіп барады жұртыменен.
Ақтекшеге қалдырып ақ сүрдек із,
Көкіректен келемін жыртып өлең.

Сарыжүректің қар сырғып иығынан,
Шеру тартып қаз келді қиырынан.
Атауына шыланған қара шалдың
өмір сусып барады миығынан.

Келіп-кетер дүние-керуенінде
көргенім де аз емес...
көрмегім де.
Әжімінен нұр тайып ақ әжемнің,
Үміт қалды үлпілдеп өрнегінде.

Майса белдің төсінде мамырлаған,
Балбалтастар мәңгілік дамылдаған.
Сағатымның тілінде тағдыр жөңкір,
Сығалайды сұм ажал қабырғадан.

Сал-сәуірім, көлбеген сары сағымым,
Көктем келсе кетеді бар сабырым.
Сарыжүректің басына жантаяр ма ем,
Жиып алып қойныма арша бүрін.

ІІ. Күзгі өлке

Жонындай жолбарыстың тарғылданған,
күзгі өлке,
жетім желден жаңғырған маң.
Жылайды жалаңаш тал жапырағын,
Қоңыр жерге қолайсыз жаудырғаннан.

Жанардан жылыстатып жазын аман,
Боз азбан ауық-ауық азынаған.
Сұр аспан бауырында уыз ұйып,
Ыңырсиды сүтке іңкәр қозы-ғалам!

Дала анау күреңіткен, дамылдаған,
Бұлақтан саз қалқыған, мамырлаған.
Суалған көзін қадап көкжиекке,
Әжей тұр жан әлемі қаңыраған.

Ұрпақсыз шал түңілген, мұң төккізген,
(Қауышқан қырқа астында дүрмек күзбен)
Қайтқан қаздан сол шалға сәлем жолдап,
Жетім кемпір ерінін сылп еткізген.

Жонындай жолбарыстың тарғылданған,
күзгі өлке,
жетім желден жаңғырған маң.
Тіршілік біреуге бал, біреуге сор,
Уақыт қана ашқарақ жанды ұрлаған...

ІІІ. Жомарттық

Мақпал жайып белдердің манатынан –
сәуір жетті, сейіліп ала тұман.
Жорға суын ағызар Шежін өзен,
Қасқа құлын тіс қадап дала отына.

Киіз үйдің алдына сырмақ төсеп,
Әжем жүрер ұршығын ырғап-көсеп.
Бұлың-бұлың бұлттарға көз қадайды,
«Бұрынғының барлығы бір бақ» десед.

– Жомарт, – дейді,
– түгі жоқ аяп қалған,
Қайран дарқан көңілдер – жая ақтарған.
– Менің қозы үмітім сол әжемнің,
Уыз-уыз сөзінен аяқтанған.

Кекілінен күн сүйіп, нұр өпкенде,
Қай сараңдық қонақтар жүректерге?!
Тарғыл таста тұлымын желкілдеткен,
Бір сағыныш қадалып тұр өкпеме.

Кіндік қанын жайлауда бұрқыратқан,
Бал бұлақтай жастығым жұлқып аққан.
Заман ауды,
...кербесті кеуілімді,
Жомартықтан тұл дүние-ей, сырқыратқан.        

IV.  Құрым етік

Маңдайына қонбай ма бұқпаса бақ?!
Сарыжүректе бұйыққан бұлт бошалап.
Күрең күздің қоп-қою түні бүгін,
Тағдыр сыйлап кетіпті-ә,
шыққа шолақ.

Салқын еді қыркүйек демі неткен,
Бөрі-желдер ұлиды төңіректен.
Қырман жаққа ентелер құрым етік,
Есінетіп тұмсығын өңі кеткен.

Орамалы сусыған иығына,
Уыз татып ұлы өмір ұйығынан;
шаңға батқан жүзінен мың бұлықсып,
Жесір жеңгем күлетін миығынан.

Қара жұмыс қыздырып қабырғасын,
Кәрі-жасың жүретін дабырласып.
Қызыл-қырман тіршілік сап тынатын,
Көкжиекке күн батса қанын шашып.

Күс қолымен бетімді шымшылаған,
Қайран жеңгей түн келсе тыншымаған.
...Құрым етік соңында кете барды,
Ұмыт болып қырман мен қыршын ағам.

Салқын еді қыркүйек демі неткен,
Қалш-қалш етіп ермен тұр өңі кеткен.
Ғазиз жеңгей есіме сап түседі,
Ұлыса кеп бөрі-жел төңіректен.

V.  Қуаңшылық

Жел желп етсе – тербелер жас құрақтар,
шалғын билеп,
тіксінер тас, қыраттар.
Қау боп өскен қарағай сақалдарын,
Ширатып ап,
абыз тау тәспі тартқан.

Тарта-тарта тәспісін қалғып кеткен,
Базарынан айырылды-ау барқыт бөктер.
Жаңбыр жаумай, нұр тамбай мешкей шілде,
Манат белдің ақ нәрін сарқып кеткен.

Күздегі жұрт секілді құлазыған,
Бұлтта адасып келмеді-ау бір азырақ.
Жалаңаяқ қаңбақ жүр диуанадай,
Жалаң ерін көк тұлпар тұр азынап.

Билей-билей сарғайған жас құрақтар,
Жел ысқырар,
«Тәйт», – дейді тас, қыраттар!
Шыңның қарын тілшелеп, өмір еміп,
шуылдайды бейуақта аш бұлақтар.

Қуаңшылық...
қарғыстан зілмарсың, ә?
Сұр басында жусанның тұнған сұрақ!
– Тасаттық бер, – дегендей түніменен,
Бағыз ғана зарлайды ділмарсып-ақ.

VI. Боз бие

Мүк тастары мұңлықтай кие іздеген,
Сарыжүрекке көк тұман үйездеген.
Шаңырақтың сойылдай еркектері,
Бестөбеге бес барып бие іздеген.

Бие іздеген,
Боз бие   –
Малдың басы!
Жусай кеткен мезгіл-ді шалғынға шық.
Қара күздің құтырып қаншық желі,
Іргеде жүр перімен қалжыңдасып.

– Сұры жаман,
қыс кәрі – алда татар,
Бие кетсе, кемиді қалған отар.
Малдың басын алғанша соқыр-құдай,
Ажалына тоспай ма... талғап атар!

– Ата сөзін қабақпен жасқағансып,
Әжем отыр бір әнді бастағансып.
Бұлт жылайды бозарған нәрестедей,
Төңкеріліп бауырынан тостаған сүт.

Тобылғының тобығын ызғар қапқан,
Қара күз ғой.
Шал жүзін ызбар жапқан.
Боз бие жоқ!
Долданар жесір аяз,
Сақинасын сусытып мұз бармақтан...

Көкбет аяз, сайқал жел, қара күзден
Көктемеге ілініп қараны үзген; 
Шал да кетті, соңынан мал да кетті,
Түлік-кие үркіді-ау бала бізден.

VII.  Болмаған кездесу
(Кіші әкем Мақсатқа ода)

Мұржа мұрны бітеліп, үй ыстанған,
Пеш мүлгіген,
Керенау кейіс – жалған.
Осқырынып, жер тарпып азбан-ағам,
Босанды-ай кеп жүгеннен,
құйысқаннан.

Өмілдірік, айылсыз тұлады-ай кеп:
– Тазалауың кеше ғой, бұ қалай? – деп
жұмысымнан қояды бір мін тауып,
шалағай деп бұлданы, бұлағай деп.

Қойдың көңін алты ай қыс отқа жаққан,
Тым үнемшіл ұлт, сірә,
жоқ қазақтан.
«Су Болаттың» қызына бара алмадым,
Құтылсам деп құтырған ақ боз аттан.

Қарш-қарш шайнап ауыздық жүрген ағам,
Жаны ашып бір қоймайды-ау мүлде маған.
Бота көзі жәутеңдеп сырт көшеде,
Түсінер ме жол тосып жүрген адам?!

Жайым осы, сезімнің күйі үзілмей,
қызды аңсаймын – әжемнің мейізіндей.
Осқырынған бәледен қашқан маған,
Ай күледі қошқардың мүйізіндей.

Күлсін ай да, жұлдыз да жымыңдасын,
ауыл ісі бітпейді-ау, сұрым қашып
Су Болаттың ауласын кеш торыдым,

VIII. Ой

Тамған жас па,
жауын ба іңірдегі?
Жай жарқ етті –
жөйіттей дігірледі.
Ала бұлттың алқымын шыңдар сығып,
Арашаға жел жүйткіп жүгіргені...

Құйып өткен нала ма,
нөсер ме бұл?                                             
Қалтырайды қау-жусан төсенген ұл.
Тамшы аңсаған тақырдай тас қоғамнан
бір жылылық күтеді-ей есер көңіл.

Шалқаладым жастық боп шырғанағым,
Бетегеден баладай сырғанадым.
Жауын жұтқан текшедей, әттең, бірақ,
Малмаң-малмаң наламнан құрғамадым.

Боз өкпесін қолына ап бұлт маңғыды,
Құзар шыңдар көрсетті сырттандығын.
Иек сүйеп іңірге, қарауытып
Мен де ойлап қоям-ау ұлт тағдырын...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды