БҮЛІК КЕЗІНДЕ БАС КӨТЕРГЕН ЭКСТРЕМИСТІК ТОП. ДІНДІ ҚАЛҚАН ЕТКЕН КІМДЕР?

Уақыты: 03.02.2022
Оқылды: 1669

Талдықорғанда арнайы брифинг өткізген облыстық дін істері басқармасының мамандары көпшілікті дүрбелеңге түсірген «Қаралы қаңтар» оқиғасы кезінде бас көтерген діни экстремистік топтардың не көздегенін айтып берді. Облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Сағыныш Жаңабайдың айтуынша, Жетісу жерінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында бірқатар шара атқарылып жатыр.

Атап айтқанда, биылғы 1 қаңтардағы ресми мәліметтер бойынша елімізде 18 конфессияға тиесілі 3834 діни бірлестік жұмыс істейді. Оның 678-і Алматы облысында шоғырланған. Олардың 478-і ислам мешіттері болса, 52-і орыс православ, 11-і Рим-Католик, 10-ы Иегово куәгерлері, 95-і протестанттық және біреуі Бахай қауымдастығы, тағы біреуі Кришна санасы қоғамына жатады.

Барлық діни бірлестіктерде жұмыс атқаратын 875 діни қызметкердің 580-і имам-ұстаздар есебіне кірсе, 295-і христиандық діни бірлестіктердің қызметшілері саналады. Мешіттердегі 580 имамның 296-ы бас имам, 169-ы молда, 73-і наиб имам, 29-ы ұстаз, 13-і азаншы. Білім деңгейі бойынша 187 имам жоғары білімді, 96-ы медресе түлегі, 195-і арнайы курс тамамдаған, 102-і орта білімді саналады.

Жетісу жұртшылығының діни білімін арттыру, тұрғындарды діни экстремизм мен терроризм идеяларынан алшақтату мақсатында былтыр құрамында 314 мүшесі бар 21 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істеп, көпшілікке діни ағымдардың көзқарасы, дүниетанымы туралы мәліметтер берді. Бұл орайдағы ақпараттық мақалалар бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігінде ұдайы жарияланып келеді. Одан бөлек, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг, талдау жұмыстары нәтижесінде анықталған деструктивті сипаттағы материалдар «Кибернадзор» республикалық жүйесіне жүктелуде.

– Деструктивтік діни ағымдардың немесе террористік-экстремистік топтардың теріс әрекеттерінің алдын алу бойынша әлемде түрлі шаралар өткізілуде. Кешегі өткен оқиғада «Иақин Инькар» экстремистік тобының белсенділігі анық байқалды. Оны бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Тіпті, Президент өзінің сөзіне қосты, – деген Сағыныш Асқарұлы діни ұйым мүшелерінің халифат құруды мақсат еткенін атап өтті. – Жалпы, бұл ұйым 2017 жылы Қырғызстанда экстремистік деп танылса, Қазақстан Республикасы 2018 жылы экстремистік топ деп қорытынды шығарған. Бұл топтың шығу тарихына тоқталар болсақ, «Таблиғи жамағат» экстремистік тобының бір бөлігі ретінде қарастырылады. Екеуінің идеологиясы, мақсаты бір екендігі белгілі. Аталмыш топтың экстремистік деп аталуының бірден-бір себебі, жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне қарсы келуі және әлемде халифат құру идеясы бұлардың басты мақсат-мүддесі болып табылатындығы. Содан кейін де олар елімізде экстремистік топ ретінде танылған. Осы жолы олардың «Қаралы қаңтар» оқиғасына белсенді қатысуының басты себебі де халифат құру идеясынан шығып отыр.

Тұрғындарды осындай керітартпа діни ағымдардан сақтандыру және діни сұрақтар мен мәселелерге тиісті жауап алу үшін облыста 114 қауырт желісі жұмыс істейді. Аса қажетті жағдайда хабарласып, мәлімет алуға болады.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды