Тұрақтылық пен тыныштық діннің де алтын арқауы

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 411

Құрылғанына жарты жылға жуықтап қалған Жетісу облыстық дін істері басқармасына басшы болып Сағыныш Жаңабайдың тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Бұған дейін Алматы облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-ның инспекторы, бөлім бастығы, директордың орынбасары, директоры сынды жауапты лауазым атқарған маманның айтар ойы, өзіндік пікірі бар.

– Сағыныш Асқарұлы, Жетісу облыстық дін басқармасының құрылып, жұмыс бастағанына ІІ тоқсанға жақындады. Асқан жауапкершілікті талап ететін сала. Әңгімеміздің әлқиссасын да осы қызметке келуіңізден бастасақ.

– Былтыр желтоқсан айында 6 штаттық бірлікпен құрылған басқармаға биыл ақпан айында қосымша 1 штаттық бірлік берілді. Басшы қызметіне ресми түрде мен де ақпан айында тағайындалдым. 
Екі облыстың діни саласына келер болсақ, халқының менталитеті бір өңірде ұқсас жайттар да жоқ емес. Десек те Жетісу жерінің өзіндік ерекшелігі бар. Ал діни қызмет саласындағы заң мен талап ортақ. Министрлік ұсынған жаңа нұсқаулықтар, «Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» мен «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде қойылған міндеттерге қол жеткізу бағытында тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес бұрынғы жұмыстарды жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға күш салып жатырмыз.

– Көпұлтты облыстағы діни ахуал қандай? Бүгінгі діни бірлестіктердегі ауызбіршілік пен алауыздықтың аражігі қалай?

– Жалпы өңірде діни ахуал тұрақты әрі болжамды. Бұл бағыттағы жұмыстар басқарма және оған қарасты құрылымдық орталықтардың мамандары, облыстық басқармалар мен тиісті құзырлы органдардың көмегі арқылы жүзеге асырылуда.
Еліміздегі 18 конфессияның 11-і өңірімізде ресми тіркеліп, қызмет атқаруда. Аталған конфессияларға қарасты 258 діни бірлестік пен филиалы бар. Олардың 206-сы мешіт, 51-і христиандық шіркеу, 1-і Бахаи қауымдастығы. Мешіт, ғибадатханаларда жұмыс істейтін 319 діни қызметкердің 251-і имам-ұстаз, 66-сы христиандық шіркеу, 2-і Бахаи қауымдастығының қызметшілері. Сондай-ақ, өңірде миссионерлік қызметті жүзеге асыруға арнайы рұқсаты бар 10 шетел азаматы тіркелген. Олардың үшеуі Польшадан, жетеуі Оңтүстік Корея Республикасынан. Миссионерлердің алтауы рим-католиктік, төртеуі протестанттық бағытта қызмет атқарады. Биыл миссионерлер тарапынан еліміздің заңнамаларын бұзу фактілері тіркелмеді.
Облыс әкімдігінің 2023 жылғы 15 тамыздағы «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы үй-жайлардың орналасуын бекіту туралы» №252 қаулысына сәйкес діни кітаптарды таратуға арналған 4 арнайы тұрақты орын  бекітілді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласындағы «Асыл қазына» кітап дүкені, Алакөл ауданындағы «Алакөл базары» және «Рынок» ЖШС-лары, Панфилов ауданындағы «НұрИслам» дүкенінен діни әдебиеттер алуға болады.
Сонымен қатар, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни жораларды өткізу үшін облыстық дін істері басқармасының келісімімен арнайы рұқсаты бар 2 намазхана тіркелген. Олар Талдықорған қаласы,  Еркін ауылындағы «Ақерке» кафесі мен Алматы-Өскемен тас жолының 211 шақырымындағы «Al Qasr» кафесі.

– Осы тұста көпшілік орындарға, әсіресе орта мектептерге орамал тағып баратын оқушылар туралы сұрай кетсем. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Жалпы, бұл мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасымен бірлесіп, білім беру мекемелеріндегі формаға қойылған талаптың орындалуын қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп келеміз. Мысалы, облыста 2023-2024 оқу жылына мектепке хиджап тағып келетін оқушылар саны 23-ті құраған. Біздің мамандар өткізген жұмыстардың нәтижесінде 23 оқушының 8-і өз ұстанымында қалып, қалғаны ортақ киім үлгісіне көшкен.
Соған орай биыл жыл басынан бері 8 оқушы қызбен тиісті жұмыс жүргізіліп, 2 оқушының ата-анасына, нақтырақ айтқанда, Алакөл ауданының 1 азаматына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 409 бабы, 2 тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық соттың қаулысымен 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, осы аудандағы тағы 1 ата-анаға Кодекстің 409-бабы, 2 тармағын негізге ала отырып, ескерту берілді. Дәл осындай жағдай былтыр Панфилов ауданында орын алып, оқушы қыздың  әкесіне ҚР ӘҚБК-нің 667 бабы,  1 тармағы бойынша Панфилов аудандық сотының қаулысымен айыппұл салынған еді. Қазір қалған оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Қазір көпшілік діни білімді алыс-жақын шетелден алатын болып жүр. Олардың білімін, дүниетанымын, көзқарасын қадағалау жағы қалай жүреді?

– Шетелден білім алғысы келетін жастар түсіндіру жұмыстарынан сырт қалмайды. Соған орай облыстың 6 азаматы шетелдік білім ордаларында оқып жатыр. Олардың үшеуі лайықты есептелетін Түркияда, үшеуі Сауд Арабиясындағы күмәнді деп танылған оқу орындарында білім алуда.
Бұл азаматтардың өздерімен және ата-аналарымен мамандарымыз сөйлесіп, шетелде білім алудың тәуекелі, Қазақстанда оқудың артықшылығы мен мүмкіндігі түсіндірілді. Соған сәйкес еліміздегі «Нұр-Мүбәрак»  Египет ислам мәдениет университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университеті, «Үшқоңыр», «Сарыағаш» сынды медреселерде білімін жалғастыру ұсынылады. Алайда, олардың басым бөлігі қазақстандық діни білім берудің жүйесі мен сапасына, ұстаздар құрамына сенімсіздік танытып, шетелде студенттерге жасалатын жағдайды айта береді. Тіпті, елге оралудан бас тартуда. Алайда қазір елімізде діни білім алуға немесе жалғастыруға жағдай жасалған. Керек десеңіз, Египеттің «Аль-Азхар» университетінің профессор-ұстаздары Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде сабақ береді. Соны ескеріп жатқан жастар аз.

– Дінаралық қарым-қатынасты нығайту, өзара диалог орнату мемлекетіміздің басты ұстанымы. Осы бағытта өңірдегі діни бірлестіктермен байланысты күшейту жұмыстары жүргізіле ме?

– Ұлтаралық және дінаралық келісім еліміздің ішкі саясатының негізі екені белгілі. Соған орай, Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен дінаралық татулық өзара төзімділікке үндейді. Осы мақсатта 2 жыл сайын Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінен бастау алған жұмыс бүгінде жалғасын тапқанын облыстық діни бірлестіктер жетекшілері клубының қызметінен байқауға болады. Өңірдегі діни бірлестіктерді бірлікке, татулыққа, ауызбіршілікке шақырып, тығыз қарым-қатынас орнату, түйткілді мәселелерді бірлесе шешуді мақсат еткен клубтың биылғы отырысын Наурыз мерекесімен орайластырып өткіздік. Одан бөлек, Ашық есік, Рухани келісім күндері аясында бірлесе атқаратын істердің ауқымы кеңейіп, бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде ұлттық спортты дәріптеу мақсатында өтетін шараларға діни бірлестік өкілдерін қатыстыру жоспарымызда бар. Осындай игілікті істер еліміздегі дінаралық, ұлтаралық келісімді бекіте түсері анық.

– Экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін облыста қандай шаралар қолданылып жатыр? Себебі, қазір әлем халқын лаңкестік, бүліншілік алаңдатып отырғаны жасырын емес.

– Рас, өңірдегі тыныштықты, бейбітшілікті, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 3 басым бағытта мемлекеттік саясат  іске асырып келеді. Атап айтқанда, бірінші – мақсатты аудиторияға білікті мамандардан құралған топтар ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізсе, екіншіден – интернет кеңістікте діни экстремизмге қарсы үгіт-насихат шаралары жанданып отыр. Үшінші – деструктивті діни ағым ұстанушыларды оңалту және дерадикаландыру жұмыстары жүйелі атқарылады. Осыған орай жыл басынан тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және жастарды жат ағымдардан алшақтату мақсатында өткізілген 105 шараға 9924 адам қатысты. Оған құрамында 139 мүшесі бар 11 облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мамандары жұмылдырылды.
Одан бөлек, интернет кеңістігінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы насихат шаралары ұдайы жүргізіліп, облыстық дін істері басқармасының және оған қарасты құрылымдық орталықтың «Facebook», «Тик-ток», «Instagram» сынды әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларына және «Үoutube» арнасында 87 318 жазылушысы бар «jetisu. din» парақшасына 382 ақпараттық материал жарияланды.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында арнайы «Сарапшылар пулы», «Имамдар пулы» жасақталып, олардың мүмкіндігін пайдалану арқылы жеке парақшаларына жұмыстар жүйелі жүктелуде. Сондай-ақ,  облыстық «Жетісу» телеарнасында ашылған «Иман нұры» хабарында әр жұма сайын өңір имамдары тұрақты сұхбат беріп, халықты оң мәліметтермен ақпараттандыруда.
Облыстағы діни ахуалға орай «Аналитикалық интернет карта» электронды платформасы алаңында деструктивті контент тарататын 6 бағыт бойынша «ВКонтакте», «Instagram» желілеріндегі тіркелушілерге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Соған орай әлеуметтік желідегі топтарға тіркелген қолданушылар бақылауға алынған. Әсіресе, жастар көп тіркелетін 10 топ парақша анықталып, тұрақты бақылануда.
Жалпы, интернет-кеңістіктегі жұмысты тиімді жүргізу үшін облыстық дін істері басқармасы 3 негізгі бағытты қолға алуда. Бірінші, тұтынушыларға СМС хабарлама жолдау немесе хабарласу арқылы ақпараттандыру. Екінші, тұтынушылармен кері байланыс орнату немесе бұғаттау. Үшінші, жұмыс нәтижесіне сай әкімшілік шара қолдану. Осыған байланысты жыл басынан бері әлеуметтік желі пайдаланушыларына 925 СМС хабарлама жолданып, 85 адаммен кері байланыс орнатылса, 189 адам әлеуметтік желілердегі теріс пиғылды топтардан шығарылды. Сондай-ақ, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын материалдарға қолжетімділікті шектеу бойынша республикалық «Киберқадағалау» жүйесі арқылы бұғаттау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 529 материал мен сілтеме анықталып, сараптама жасауға және бұғаттауға жіберілді. Оның 161-і бұғатталса, 368 сілтеме сараптамадан өтуде.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, әлеуметтік желідегі жеке парақшасында деструктивті діни ағым идеологиясын белсенді түрде насихаттаған облыс тұрғындарына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 453-бабы, 2 тармағын бұзу дерегі бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын айта кеткім келеді.

– Басқармаға қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді екен. Құрылымдық орталықтың қызметі қандай?

– Бұл орталық 2022 жылы құрылған. Облыс бөлінген уақыттан бастап, орталық Жетісу облысының діни ахуалын қадағалауға алып, жұмыс жүргізіп келеді. Орталықта 17 дінтану, исламтану, теология мамандары, 1 әлеуметтанушы, 2 СММ маманы жұмыс істейді.  Жалпы, Ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселелерге тікелей әсер ететін деструктивті діни ағым жақтастарының санын азайту, мақсатты әрі кешенді жұмыстарды тиісті деңгейде атқарып дін саласында туындайтын кез-келген мәселеге жедел әрекет ету үшін кәсіби білікті дінтанушы-теолог мамандары керек-ақ. Осыған орай орталықтағы жас, білімді, білікті кадрлар діни саладағы жұмысты үйлестіру, талдау, ақпараттандыру, оңалту, психологиялық-коррекция және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын жандандыруда. Орталықтың құрамы облыс әкімінің грантымен Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып жатқан жас мамандармен толығады деп сенеміз. Бүгінде аталған университетте облыстың арнайы грантымен 15 студент білім алуда.
Сонымен бірге, облыстық дін істері басқармасында әрбір саланың жұмысы, өткізілетін іс-шаралары межеленген міндет, жобаланған жоспармен жүреді.
Облыс әкімінің қолдауымен дін істері басқармасының штаттық саны тиімді кадрлық менеджментпен бекітіліп, қажетті мамандармен және қаражатпен қамтамасыз етілді. Соған орай жыл ішінде атқарылатын жұмыстардың жоспары әзірленіп, нәтижелі істерді жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Оның ішінде ҚМДБ-ның өкілдігімен бірге өңірдегі имамдар корпусының білімі мен біліктілігін арттыру үшін оқыту курстарын өткізу, дін саласы бойынша құрылған 11 облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін қайта қарап, жұмысын жандандыру, оның қызметін мақсатты топтарға қарай бағыттау. Телеарна мүмкіндігін пайдаланып арнайы бағдарлама жүргізу, құрылымдық орталық базасынан жеке студия ашып, сапалы видеоматериалдар мен подкасттар түсіру сынды ірі жобалар бар. Мұның бәрі халықтың діни сауатын арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, экстремистік идеологияның таралуын болдырмау бағытында жүретін қарсы насихаттық шаралар.

– Істеріңізге табыс, береке тілейміз. Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

СұхбаттасқанМәди Алжанбай