ҚОҒАМ ДЕРТІ

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 470

«Жетісу жастары» КММ-нің ұйымдастыруымен ойынқұмарлықтың алдын алу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Лудомания – қазіргі қоғамның дерті» тақырыбында семинар өтті.

Елімізге белгілі дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы мен әнші, кино- продюсері  Бағлан Әбдірайымов Жетісу жастарымен кездесті. Кездесуде Нұрлан қажы егеменді елдің болашағы – жастардың тәрбиесінен бастап, отбасылық құндылықтар, әкенің рөлі, имандылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жат ағым зардабы, ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, қасиетті Ислам дінінің құндылықтары туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, өмірінде кездескен әртүрлі жағдайларды мысал ете отырып, жастарымызға ұлағатты насихат жеткізді.

Сондай-ақ әнші, продюсер Бағлан Әбдірайымов өз өмір тарихынан түсірілген «ZERO» фильмі аясында лудомания дертімен күресу жолдарын баяндады. Құмар ойынының зардабын өз басынан өткерген әнші жастардың жаман жолға түспеуінің алдын алу шараларымен таныстырды. Уақытша дүниенің артынан ермей, адал жолмен жүріп-тұруды тілге тиек етті. Расында ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Тарихқа үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Ол үнсіз келіп адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпиды.
Семинарға 600-ге жуық көрермен жиналып, спикерлердің ғибратты әңгімелері мен өнегелі сөзін тыңдады.

Жиынға қатысушылар еркін форматта сұхбаттасып, өздерін толғандырған сұраққа жауап алды.    

Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ