ТІЛ БАЙЛЫҒЫН ТӨМЕНДЕТКЕН ТУЫНДЫ

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 479
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Біз әйгілі Әуезов пен майталман Мұқановтың дәрісін тыңдап өскен журналист, жазушы емеспіз. Олардың шығармасын, тұтас томдығын студенттік жылдары парақтап-тарақтап шықтық. Тамырымызға сіңген нәрлі дүниелерді танымға да сіңісті еттік. Университет қабырғасында академик, профессор ұстаздарымыз дәріс оқып, Мұхтар, Сәбиттен тартып күллі қазақ ұлыларының ұлағатын паш етті. «Жетісу» газетіне журналист болып келгенде Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Жанкүміс Жәменке, бүгінгі алдыңғы буын Жұматай Оспанұлы, Ришад Тұрғанбай, Мәди Алжанбай, Алма Есенбаевалардан тәлім алдық. Ана тіліміздің шырынына бас қойдық. Әдебиет пен журналистика жанрларын меңгеріп, логикалық кемшіліктен тартып, сөз жасамдарына дейінгі дүниені тегіс үйрендік. Осылайша ана тілге қызмет етуді азаматтық борыш санадық.


Жуырда «ашу өрлігі аспанға шапшыған» (Асқар Сүлейменов) жағдайға тап келдік. Ызаландық, күйіндік.

Құрамының негізі қазақ азаматтарынан тұратын алматылық «Қайрат» футбол клубының ресми парақшасында тосын жаңалық бұрқ етті. «Барлығына рақмет, Кирилл Сергеевич!» деп басталатын жазбада клубтағы негізгі команданың бас бапкері болған маманның қызметтен кеткені туралы айтылады. Одан кейінгі жазба былай өріліпті – «44 жастағы маман жұмыстан өз бетімен кетемін деген шешім қабылдады». Сұмдық! «44-летний специалист самостоятельно принял решение подать в отставку» сөзін тікелей аудара салыпты. Қазақ «Өз бетімен кеткен» деп кімді айтады, қандай жағдайда айтады?! Естір құлаққа түпідей тиер сөзді көзіміз шалып, рас-ақ қынжылдық. «Бюджетінде миллондар айналып жатқан даңқты футбол клубы сауатты сөйлем құрайтын бір маманға мұқтаж екен» деп бұртидық.

Қызығы да сол, қандай да бір жағдайға түсіп, ашуланып, қамыққанда немесе көңіл пәс болғанда әдебиет атты мөлдір арнаға бас қоятын әдетіміз бар. Қалтателефонды бір жаққа атып жібердік те көптен бері оқылмай тұрған сөредегі (жеке кітапханамыздағы) қолға ілінген туындыны құшақтай жөнелдік. Негізінде көркем әдебиет оқуды дағдыға айналдырғанымызбен, облыс әкімінің қолдауымен шыққан біршама кітапты кейінге ысырып жүргенбіз. Жетісулық (Алматы, Жетісу облысын тұтас айтып отырмыз) ақын-жазушылар болған соң, ылғи да есімі белгілі классиктерге ауып кете беретінбіз. Осы жолы қолға ілінген кітап мұқабасы әдемі,  Искаков деген ақынның «Ай-Ару» жыр жинағы екен. Аты қазақша, тегі орысша «шайырдың» өлеңдерін оқи бастадық. Сол сәтте футбол клубының ақпаратына қынжылып кітапқа, көркем әдебиетке жүгінгеніміз бекершілік болды. Қалақай шайнап келіп қандалаға таланған түліктей күй кештік.  

Екі жырының бірінде үлкен кемшілік жіберген бұл автордың сөзі мен жыры үйлеспейді екен. Ана тілдің абыройын асырар бекзат өнерге лайықты жыр ұсына алмапты. Тіліміздің байлығын жас ұрпаққа меңгерте алмай, нәрлілігін тамырына сіңіре алмай жатқанда сөредегі кітаптың сыйқы осы ма деп толғандық (Шамырқанып, шамдана жазғанымыз үшін ғафу өтінеміз).

«Өлеңге де әркімнің бар таласы» деген Абай сөзін алға тартар жандар табылар. Бірақ ұрпаққа «солардың таңдамасын» ұсынған жөн ғой. Бір ақынды аяусыз сыбапты дейтіндер де болар. Дегенмен, ана тілдің абыройын бұлай төмендетпеу, өлең киесімен ойнамау керек деп тұжырымдадық.

Хош, автор «Туған жер» өлеңінде:

«...Сенде туылып,

сенде есейдім, – ер жеттім,

Самалың үптеп,

бесігіңе сап тербеттің.

Жастық шағымды

есіме түсір, сұранам,

Еркелетіп сен,

келді ғой деумен, келбеттім», – деп толғанады. Бір өлеңнің аясындағы бір шумақтың өзінде 3 қате сөз бар. Әуелі адамға қатысты айталатын, туған мен өлген сөзін «туылған» деп өрнектесе, «Самалың үптеп» деп бір сүрінеді. «Үптеп» сөзінің мағынасын үкілеп немесе сипап, аймалап сөзімен шатастырып алған секелді ме, қалай? Әйтпесе самалға несін тонатты екен? Қызық! Одан кейінгі қателік – туған жерге қарата «келбеттім» деп сөз саптауы. Қазақ ешуақытта туған жерге ажарлым, келбеттім деген теңеу қоланбаған. Әрине, туған жердің тұмса табиғатына, манат бел, мақпал даласына қарата «сұлу», «көрікті», «әсем», «ғажап» т.с.с сөзді айшықтаған, бірақ «келбеттім» деп жазғанды тұңғыш оқуым.

Жалпы автордың «Ай-Ару» кітабын тұтас шолып шыққанда байқағанымыз қазақ тілінің байлығына, ұғымының тереңдігіне қатысты бірде-бір лайықты жыр таба алмадық. Қазақ тілінің бай, ұғымының терең екенін біз «Жетісу» газетінде жыл бойы жүргізген «Qolamta» жобасында мәлім еткенбіз. ХІХ цикльдан тұратын осынау жазбамызда қазақ тілінің маржанын, дәстүрге қатысты туындаған сөздерін тұтасымен өрнектеп өттік. Мәселен, «Х. Кісі басына қатысты атау-тіркестер» деген жазбамызда:  «Хош, әуелі адам басына қатысты негізгі атаулар мен тіркестерді атап өтелік. Олар: бас, төбе, шеке, қарақұс, қарақұлақ, желке, көк желке, желке шұқыры («Желкемнің шұқыры көрмейді» деген тіркес бар), құлақ-шеке, маңдай, самай, құлақ, майқұлақ, сырғалық, мұрын (мұрын іші, сырты, ұшы), танау, тұмсық, қаңсар, кеңсірік, желбезек, ноқта, ұрт, бет, бет-ауыз, қарашық, жанар, қабақ, қас, кірпік, шүйде, тамақ, тіс, сақал және  т.т. Біз осы ретте тек негізгі атауларды алға тартып отырмыз. Ал адамның басына қатысты дүниелерді атамадық. Мәселен, адамның бет-бейнесіне байланысты туындаған дидар, кескін, келбет, ноқат, секпіл, мең, қал, ұрт, безеу, бет сұрқы, тұрпат, пішін, кейіп-кеспір секілді 50-ден астам сөзді атамадық. Сонымен қатар, бас күтіміне керекті тарақ, ұстара, сүзгі, шашбау секілді заттарды, бас ауру, бас қату, бас жуу сияқты күтімді де тілге тиек еткенімізбен, жіпке тізгендей тізбектемей-ақ қояйық деп шештік», – деп өрнектедік. Жалпы адамның басына қатысты туындаған сөздердің саны 800-ден асады екен. Ал мақал-мәтелмен қоса алғанда 1 мыңның үстіне шығады. Бір ғана «басқа» қатысты осынша сөз түлеткен қазақтың ақыны өлеңге сөз таба алмауы қалай? Икаков кітабы облыс әкімінің қолдауымен шығатын кітаптар тізіміне еніп, сүзгіден өтіп кеткеніне кім жауапты? Әдеби сарапшылардың алдынан өтпей, жекелей қолдау арқылы шығып кеткені, осылайша «облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан кітап» деп айшықталғаны көрініп-ақ тұр.

Осы тұста ақынның олқы түскен, қазақтың тіл маржанын оңды пайдалана алмаған тармақтарының бірсыпырасын тізбелеп өтелік:

«Жыңғыл мен сексеуілге жетсем деп,

Албыртып келемін мен сағынғаннан». («Кең далам» өлеңі)

        ***

«Қаптал мен дөңде,

Қаумалап өскен қыр шөбі». («Қайнарлы» өлеңі)

        ***

«Бұлт пен шыңдар қауысты». («Үйсін тауында» өлеңі)

        ***

«Көтемде көктеуінде мал төлдеткен,

Бүркіті болған шығар ұстауында» немесе:

«Иесіз қисапсыз ат жұбына еріп». («Тарихтан сырғымадық» өлеңі)

        ***

«Қоңыр күздің жаңбыры,

Себелейді төпелеп». («Қоңыр күздің жаңбыры» өлеңі)

        ***

«Желөкпе жүр кеудеңде маза кеткен». («Шындықты айтшы» өлеңі)

***

«Не пәле бар кеудеңде сұңғақтаған». (?)

 

Дәл осылай тізбелей берсек, «Ай-Ару» кітабы автордың туған-туыстарының ғана кітап сөресінде тұруы керек деп кесіп айтасың. Алайда облыс әкімінің қолдауымен шығатын кітаптар аудан, қала, ауылдағы кітапханалардың бәріне тарайды (облыс деңгейінде). Қазақ қоғамын қазақ тілді ете алмай жатқан уақытта осындай шығармалардың оқырманға жол тартуы қиын, ойланатын дүние.

Хош, әлгі тізбелеп өткен тармақтарға қайта мән берейікші. «Албыртып келемін мен сағынғаннан» тармағындағы «албыртып» сөзі не мағына береді? Одан кейінгі өлең жолындағы «қаптал» сөзі бар болғанымен, логикалық қателікке барып отыр. Адам құрдан-құр қапталды қолдана ма? Таудың, адамның қапталы десе орынды, алайда дөңді (жердің бет-бедерін) айтып отырып, «қапталды» жаза салған. Сонымен қатар «қаумалап» өсіп деп тағы сүрінеді. Қаулап өспей ме? «Қауысты» сөзін мүлдем түсіне алмадық, ал «Бүркіті болған шығар ұстауында» деген тармақтағы «ұстауында» сөзін түк таппағаннан жазғаны да айқын аңғарылады. «Себелейді төпелеп» – баланың былдыры, ең алғаш өлең жазған оқушының сөз саптауындай. «Желөкпе», «сұңғақтаған» сөздері де дәрменсіздіктен қыстырылған шикі сөздер. Осы тақылеттес тармақтар әрбір екі жырдың бірінді көзге шалынады. Көңіл жабырқатады. 232 беттен тұратын кітаптың аты бар, затын өзіңіз салмақтай беріңіз...

Айта кетуі керек, мақаланың басында «Жетісу» газетінің алдыңғы буынын, ұстаздарымыздың есімін тегін атамадық. Олар жас журналистерге мәтел сөздің мәйегін, текті сөздің төркінін көрсетті. Өздері де «өтті-кетті» шараларды «өрек тапты», хабарлады, сүйіншіледі деген сөздерді «ақжолтайлады» деген баламалармен ауыстырып, еңбек етті, тер төкті сөздерінің «маңдай терін шүмектетіп» деген бейнелі түрлерін үйретті. Ә дегендегі журналистиканың әліппесін осылайша ашқызды. Ежіктеп түсіндірді, ерінбеді. Поэзия, проза саласында да солай салмақпен әр жазбаға қарау керектігін түсіндірді. Тіпті, үйретпеген дүниелердің өзінде жазбаларын оқыған шақта: «жайнақ дүние», «мұңсіңді үн», «саба түбі сарқынды», «от жүрегін тулата өмірге келіп», «жарық ғаламмен жанар суарып», «тегеурінді екпін, терсіңді еңбек» секілді ғажайып сөз, сөйлемдерді көзіміз шалып, оның бәрін санға сіңірдік.  Алаштың небір асыл ойларын жадымызға тоқыдық. Алайда, шала сауатты, шұбартілді қазақтардың көкірегіне білім мен ана тілдің қасиетін сіңіре алмай жатқанда руханиятымыздың бір ошағы саналған кітапханалардың сөресіне әлгіндей туындылардың шығуы естінің бәрін алаңдатуы керек деп түйдік. Сол ниетпен  тебірендік, қатқыл байлам жасап, қату сөз айтып алдық. Бұл да келер ұрпаққа тәлімнің таза шырынын ұсынып, өнегенің өміршеңін дарытайықшы, ана тіліміздің абыройына әдебиет пен журналистикада қатар арашашы болайықшы деген ниетпен айтылған уәж еді...

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ