ЕЛІМІЗДЕ ДІНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР БАҒЫТЫНДА ТАҒЫ БІР ТЕЛЕАРНА АШЫЛАДЫ

Уақыты: 02.11.2020
Оқылды: 1399

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Халық арна» республикалық телеарнасы ашылады. Бұл жайында діни басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай көптеген игі шаралар ұйымдастырылды. Пандемия кезінде мүфтият қайырымдылық бағытта бірқатар шаралар атқарды. Сонымен қатар карантин кезінде онлайн насихат жұмыстарының маңызы артты. Дегенмен, ақпарат ғасырында жаңа технологияны игеріп, насихат жүргізу мен ақпарат таратудың телевизиялық тәсілін өзімізден басқаруды ұйғардық. Осыған орай ҚМДБ жанынан республикалық «Халық арна» атты төл телеарнамызды ашқалы отырмыз», - делінген діни басқарма таратқан ақпаратта.

Қазіргі таңда арнаға қажетті контентті жинақтау жұмысы аяқталды. Діни бағыттағы бағдарламалар, сұхбаттар, сюжеттер мен бейнеүзіктердің басым бөлігі ҚМДБ бас кеңсесінде түсіріледі. Арнаны «Отау тв» мен «Алма тв» кабельдік желілерінен көруге болады. Телеарнаның ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, елге белгілі қоғам қайраткерлері қатысады деп күтілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"