АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ КІМ? ТАРТЫСТЫ БАЙҚАУ

Уақыты: 25.09.2021
Оқылды: 972
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қаласындағы №9 орта мектебінде «Үздік сынып жетекшісі – 2021» байқауы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Аталмыш байқаудың алғашқы кезеңінде сынып жетекшілері аудан, қалаларда бәсекеге түсті. Түрлі сыннан сүрінбей өткен 20 үміткер облыстық байқауда бақ сынады.

Байқау шарты бойынша бірінші кезекте үміткерлер «Сынып жетекшісінің тәрбие саласында алатын орны» тақырыбында эссе жазып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Сосын жетістіктері мен сынып жетекшісі болудың жауапкершілігі тұрғысындағы ой-пайымдарымен таныс­тырды. Соңында «Мен – сынып жетекшісімін» атты шығармашылық жұмыстарын көрсетті.

Облыстық байқауға аудан, қалалардың мен деген мықтылары іріктеліп келгеннен кейін бәсеке де тартысты болды. Өйткені әрбірінің мойнында бір өңірдің намысы жатыр. Десе де байқау болғаннан кейін оның өз жеңімпазы да болатыны анық.

Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімі бойынша Қаратал ауданынан Жаңылған Қайролла бірінші, Кербұлақ ауданынан Жұлдыз Баймолла мен Текелі қаласынан Жазира Ералиева екінші, Алакөл ауданынан Нұрбек Советжанұлы, Ұйғыр ауданынан Фариза Абитаева үшінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ, «Жаңашыл жетекші» номинациясына Сарқан ауданынан Елена Бирюкова, «Шебер жетекші» номинациясына Талдықорған қаласынан Жанна Смағұлова, «Ізденімпаз жетекші» номинациясына Райымбек ауданынан Жұлдыз Келдібекова ие болды.

Байқау жоғары деңгейде өтті. Әділқазылар барынша әділ бағасын беруге тырысты. Десе де, бұл байқаудың ойландырар тұстары да болды. Қатысушылардың, әділқазылардың және жүлдегерлердің 90 пайызы қыз-келіншектер болды. Демек, білім шаңырақтарында ер мұғалімдер аз немесе олар сыныпты жетектемейді деген ойға қалдық. Әрине, ана тәрбиесінің балдыр­ғандарды адалдыққа, жүрегі жұмсақтыққа баулитыны анық. Бірақ болашақ үшін ер мұғалімдер де керек қой.

Қажет АНДАС

Алматы облысы