ЖЕРЛЕСІМІЗ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ БАЙҚАУДАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 27.09.2021
Оқылды: 1734
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы» байқауы мәресіне жетті. Түркістан қаласында шымылдығын түрген шарада Алматы облысының намысын қорғаған Аслан Қалибеков жеңімпаз атанды. Жерлесімізді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшылығы арнайы қарсы алып, жеңісімен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек алғашқы сөз алып, байқауда бабы мен бағы қатар шапқан жеңімпазға жүрекжарды лебізін білдірді. Өз кезегінде сөз алған облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбай:

Ұлттың күретамыры болған тілдің құндылығын әспеттейтін ел көлеміндегі байқауда оза шапқанымыз қуанатын, марқаятын дүние. Сондықтан да Жетісу намысын қорғаған әріптесімді шын жүректен құттықтаймын, – дей келе «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы атқарған игілікті істерге тоқталып өтті. Сонымен қатар, қазақ тілінің бай тіл екенін де айрықша әспеттеді.

Жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын. Осы ретте, ҚР Білім және ғылым министірлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауға қатысуыма мүмкіндік берген сіздерге айтар алғысым шексіз. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жұмысының жемісі екенін де айта кеткім келеді, – деді «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Панфилов аудандық филиалының меңгерушісі, байқау жеңімпазы Аслан Қалибеков.

Айта кетерлігі, респбликалық байқау төрт кезең бойынша өткен. Алғашқы кезеңде қатысушылар әдістемелік сұрақтарға жауап берсе, бейнеүзінді, методика, демонұсқа кезеңдерінде оқуытушының заман талабына сай оқыту нұсқасын көрсетіп, арнайы берілген тапсырмаларды орындап, білімдерін ортаға салған. Аталмыш төрт кезең бойынша 16 қатысушы арасынан оқ бойы оза шапқан жерлесіміз жеңіс туын желбіретіп, Жетісу жеріне үлкен қуанышпен оралды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы