АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕРРОРЛЫҚ ҚАУІПТІҢ "ҚЫЗЫЛ" ДЕҢГЕЙІ САҚТАЛАДЫ

Уақыты: 19.01.2022
Оқылды: 1127
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ағымдағы жылдың 19 қаңтарында Алматы облысының барлық аумағында "коменданттық сағат" тоқтатылады. Бірақ аймақта террорлық қауіптің "қызыл" деңгейі сақталады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Осыған байланысты Алматы облысында жедел жағдайды реттеу, заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздік салдарын жою мақсатында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі.  Өткізілген іс-шара шеңберінде полицейлер, күштік құрылымдар аулаларды және пәтерлерді аралайды, сондай-ақ, автокөлікті тексеру жүзеге асырылады.

Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударатын болады. Патрульдік полиция нарядтары күшейтіледі және тыйым салынған заттарды заңсыз алып жүру мен сақтауды анықтауға бағытталған шаралар жүзеге асырылады.

Өңір халқын құқықтық тәртіп сақшыларының іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауға және қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамыз.

Құрметті азаматтар, барлық ықтимал арандатушылыққа бой алдырмаңыз және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартыңыз. Полиция құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген заңбұзушылықтың жолын кесіп, заңнамада көзделген қажетті шараларды қабылдайтын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"