ҚАЛЫҢ ҚАР, КӨКТАЙҒАҚ, ТҰМАН: АУА РАЙЫНА ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ ЕСКЕРТУ

Уақыты: 19.01.2022
Оқылды: 1504
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті ауа райы өзгеретінін ескертеді. Сондай-ақ, облыста Крещение мерекесінде жасалатын рәсімдерге тыйым салынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Қазгидромет" РМК-ның ескертуі негізінде, 19-20 қаңтар күндері Алматы облысының таулы аймақтарында қалың қар түсіп, тұман және көктайғақ күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға және сақтық шараларын ұстануға шақырады. Сондай-ақ, департамент «Jetisy media» ақпараттық алаңында «Крещение Господне мерекесі кезіндегі қауіпсіздік» тақырыбына брифинг өткізді. Брифингтің басты міндеті - шоқыну мерекесі кезінде облыс су айдындарында шоқыну шомылуын өткізуге тыйым салу болды.

Брифингте Алматы облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Белдібаев Қуат Майтайұлы, Алматы облысы ДСЭС өнеркәсіптік, радиациялық-қауіпті объектілерді бақылау және қадағалау, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ахметов Самат Махаббатұлы және иерей, Иоанн-Богослов шіркеуінің рухани қызметшісі Матлашов Александр сөз сөйледі.

Александр Матлашов Қазақстанның барлық тұрғындарына құттықтау сөз сөйлеп, елдегі соңғы оқиғаларға байланысты Крещение Господне мерекесі кезінде шомылу рәсімін өткізуден бас тартуды өтінді. "Коронавирустық инфекциямен байланысты жағдайларды ескере отырып, елде ғибадатхана жанында шомылу орындары болмайды, сондықтан, үйде суды мұздату қажет. 2022 жылдың 18-19 қаңтарында ғибадатханаларда күндізгі уақытта су жинау ұйымдастырылады", - деп Иерей сабырлы болуды және жағдайға түсіністікпен қарауды сұрады.

Қуат Майтайұлы шоқыну мерекесінде мұзойықтарда шомылу рәсімін өткізуге тыйым салынғанын тағы да атап өтті. Сондай-ақ, Алматы облысының су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖ департаменті жедел-құтқару жасағының қызметкерлері кезекшілік атқаратынын айтты. Ол, сондай-ақ, шомылдыру рәсімі кезіндегі қауіпсіздік шараларын еске салды.

Брифинг соңында спикерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"