АЛМАТЫ ӘКІМДІГІН ҚОРҒАЙМЫН ДЕП КӨЗ ЖҰМҒАН ТАҒЫ БІР ӘСКЕРИ НАГРАДТАЛДЫ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 1157
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы қаласы әкімдігін қорғау барысында қаза тапқан 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары, подполковник Сәндібек Қайыров ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Шара Қапшағай гарнизонында өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бұл орден Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ, мемлекет мүддесін қорғаудағы жасаған ерлігі үшін беріліп отыр.

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов орденді марқұмның жұбайына табыстады.

– Сәндібек Ғалимоллаұлы қызметтің барлық сатысынан өткен, білікті жұмыс атқарған офицерболатын. Ол еш қиындыққа қарамай, өмірінің соңғы сәтіне дейін әскери борышына адал болды. Сәндібек Ғалимоллаұлы өзінің барлық әріптестерінің, достары мен жақындарының есінде мәңгі сақталып, болашақ Отан қорғаушылар үшін үлгі болып қала бермек, – деді генерал-майор Талғат Қойбақов.

Десанттық-шабуылдау әскерлері мен әскери бөлімнің жеке құрамы офицерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сәндібек Ғалимоллаұлы Құрлық әскерлері Әскери институты мен Ұлттық қорғаныс университетін тамамдаған.Қарулы Күштерде взвод командирі, десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарған.

С.Ғалимоллаұлы кәсіби білікті офицер, адал және лайықты командир, сенімді жауынгер және шынайы дос ретінде үлгі бола білді. Саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған офицер, өз елінің патриоты, подполковник Сәндібек Қайыров туралы жарқын естеліктер Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің жадында мәңгі сақталып қала бермек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"