АТЫС ҚАРУЫН ӨЗ ЕРКІМЕН ТАПСЫРҒАНДАРҒА ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛМАЙДЫ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 1297
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарына заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру туралы үндеу жариялады. Бұл туралы "Жетісу" газеті аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Тәртіп сақшылары елдегі жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған қару мен оқ-дәрілерді заңсыз мақсатта пайдаланбай, сондай-ақ, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмей тұрғанда өткізу керек екенін ескертеді.

«Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық (ҚК 287-бабы – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және әкімшілік (ҚР ӘҚБтК 482-бабы - 25 АЕК айыппұл) жауапкершілік көзделгенін қаперлеріңізге саламыз. Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың іс-әрекеттерінде өзге қылмыстар құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады», - делінген полиция үндеуінде.

Осыған орай Алматы облысының полицейлері азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік үшін қарулар мен жарылғыш заттарды пайдаланбауды, оларды мүлдем тасымалдамауды, жауапкершілікке тартылмас үшін бірден полицияға 102 немесе 112 телефондары арқылы хабар беруді сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"