ҚАРУ-ЖАРАҚТЫ ӨЗ ЕРКІМЕН ӨТКІЗГЕН ОБЛЫС ТҰРҒЫНЫ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАТЫЛДЫ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 1302
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының 40 жастағы тұрғыны қаңтар айының басында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде Талдықорған көшелерінің бірінен бірнеше қару-жарақ тауып алып, ерікті түрде полиция органдарына табыс етті.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық қорғау органдарының ескертулерін басшылыққа алған тұрғын тексеруден кейін жауапкершіліктен босатылды.

- Барлық тұрғындарды тауып алған заңсыз қару-жарақтарды еш ойланбастан полицияға тапсыруға шақырамын. Осы әрекеттеріңіз сіздерге сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде көп көмек көрсетеді. Мен Ішкі істер министрлігінің тұрғындарға жолдаған үндеуін ескеріп, 5 қаңтарда Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде тауып алған 11 тапанша мен 1 дана автоматты жағдай тұрақталған соң тәртіп сақшыларына табыстадым. Осы арқылы барлық жауапкершіліктен босатылдым, - деді тұрғын.

Естеріңізге сала кетейік, Ішкі істер министрлігі тауып алған қаруларды адамдар өз еркімен полиция келіп тапсырса, онда ешқандай қылмыстық, әкімшілік іс қозғалмайтынын мәлімдеген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"