ПОЙЫЗ БИЛЕТТЕРІНІҢ БАҒАСЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ДЕЙІН АРЗАНДАДЫ. БҰЛ УАҚЫТША МА?

Уақыты: 19.02.2022
Оқылды: 1220
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақпан айында пойыз билеттерінің бағасы арзандап, жолаушыларды қуантты. Уақытша төмендетілген бағаны көргендер келешекте де билеттің сол құны қалса дейді.

Бастапқыда билет бағасының арзандағынын жақсылыққа балап, жарыса жазып, қуанышты бөлісіп жатқандар қатары көп болды. Мәселен, әуелі «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қалмахамбет Мұхамедқали өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында: «Пойыздың билеті арзандапты. Ұлдың астанадағы жатақханасына жақын болсын деп, ескі вокзалға тоқтайтын отарбаға мінетінбіз. Оған Алматы – Қызылжар арасына жүретін ұшқыр пойыз ыңғайлы. 14 сағатта жетіп барасың. Тек, билеті қымбат-ты. 23 мыңға купе, үстіңгі орын алған күн болды ғой, тіпті, Жаңа жыл алды 28 мың теңге болған. Енді сол пойыздың астанаға дейінгі билеті 9 мың 812 теңгеге түсіпті, билет «пішен». 32 мың тұратын люкс орын да арзандапты», – деп жазды.

Осы материалды жазу барысында Қ.Мұхамедқалиға қайыра хабарласқанымызда: «Билет бағасы ойнап кетті. Бірақ бұрынғыдай билет тапшылығы жоқ», – деп қоса кетті. Рас, бұл жаңалыққа бәріміз қуандық. Алайда бұл уақытша жеңілдік. Оны «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали айтты. Ол:

Ақпан айының соңына дейін «Тальго» коммерциялық пойыздарына келесі бағыттар бойынша жеңілдіктер жасалды: Атап айтқанда, № 29/30 "Алматы 2-Атырау" 35% дейін; № 51/52 "Алматы 2-Нұр-Сұлтан 1-Орал" 28% дейін; № 69/70 "Алматы-Өскемен 1" 51% дейін; № 111/112 "Алматы 2-Маңғыстау" 43% дейін; № 105/106 "Алматы 2 – Петропавл" 46% дейін; № 711/712" Нұр-Сұлтан Нұрлы Жол – Шымкент " 43% дейін, – деп жауап берді.

Сөз арасында ресми өкіл келешекте осындай жеңілдіктер бола ма, жоқ па, оның жауабы әлі нақты белгісіз екенін айтты. Осы орайда 18 ақпанда Өскеменнен Алматыға пойыз арқылы жолға шыққалы тұрған жолаушы Серік Құмарғалиұлы:

Біздің елдегі қоғамдық көліктердің ішінде арзан әрі жайлысы пойыз ғой. Сондықтан алыс жолға шыққанда пойызға мінеміз. Жұмыс бабымен Алматыға, астанаға жиі жүріп тұрамыз. Алматыға жүргелі отырмыз. Бір байқағаным, билет қымбаттамапты. Тіпті, бес-он теңгеге арзандады деп жатыр жұрт. Өз басым қаншаға арзандағынын дөп басып айта алмаймын. Дегенмен, билеттің бағасы төмендесе қуанамыз. Қымбатшылық қыспағына түскен халыққа аз да болса жеңілдік қой бұл. Екінші мәселе, пойыздардың жол жүру ұзақтығы. Ұлттық компания осыны бір қолға алса екен. Мәселен, Өскемен мен Алматының арасында отарбаңыз бір тәуліктен артық жүреді. Әрбір сағаты, минуты санаулы адамдар үшін бұл өте ұзақ, – дейді.

Талдықорғанда тұратындардың басым көпшілігі Үштөбе вокзалы арқылы жан-жаққа қатынайды. Аталған вокзал басшысы Гүлнар Түгелбайқызы билет бағасының тұрақты екенін, пойыздардың жүру реттілігі өзгеріссіз, жолаушылардың арыз-шағымы жоқ екенін айтты.

Түйгеніміз, бір айдағы жеңілдік барысында жұрт билет бағасына риза. Көпшілік бұл қуаныштың әлі де жалғасын тауып, болашақта да жеңілдіктер ұйымдастырылғанын қалайды.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы