ІЛЕ МЕН БАЛҚАШ АЙМАҒЫНА ӨТЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН БҰҒЫЛАР ЖІБЕРІЛДІ

Уақыты: 08.08.2022
Оқылды: 684
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жер жаннаты Жетісу әсем жерлерімен ғана емес, сирек кездесетін аң-құстарымен ерекшеленеді. Бір кездері Балқашты тұран жолбарысы мекендеген. Өкінішке қарай, көл маңындағы қопалы қамыстың жаппай шабылып, өртелуі мен броконьерлердің мылтығынан өлкедегі тұяқты дала жануарларынан бөлек, алып жыртқыштың тұқымы да тұздай құрыған.

Жолбарысты қайта жерсіндіру үшін «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Жуырда 415 мың гектар құрайтын резерват ауданына түз тағысының азық базасын жақсарту мақсатында 61 бұқар бұғысы жіберілді. Дүниежүзінің Қызыл кітабына енген бұқар бұғысы – табиғат ерекше жаратқан тіршілік иесі. Әлемде санаулы ғана аймақтарда кездесетін жабайы жануар шөлейтті өңірде тірлік етуге бейімделген.

Бұқар бұғысын мемлекеттік резерватқа осымен 4 рет әкеліп отыр. Оны министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежізілік жабайы табиғат қорымен (WWF) бірлесіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Дүниежүзілік жабайы табиғат» қоры кірісіп, Қызыл кітапқа кірген жануарлардың тұқымын көбейтуді қолға алған. Осыдан 4 жыл бұрын резерват аумағына 5 бұғы жіберілген болатын. Бүгінде олардың саны 150-ге жетіпті.

Жануарлардың еркіндіктегі қозғалысын бақылау мақсатында олардың жіберілген аумағына 6 фототұзақ орнатылыпты. Сондай-ақ, үш бұғыға GPS орнатылған қарғыбау тағылған. Бұл құрылғының жануарларға еш зияны жоқ. Айа кетсек, бұқар бұғысы Алматы облысы Балқаш ауданында көп болған. Алайда ХХ ғасырдың басында жойылып кетті. Қазақстанның ғана емес, халықаралық Қызыл кітапқа да енгізілген. БҰҰ Конвенциясы аясында қорғалады.

Ал тұран жолбарысы Балқаш өңірін мекендеген деп бұрындары үлкендер жиі айтып отыратын. Қазақстанда соңғы рет жолбарысты 1957 жылы көрген, ал ресми түрде 1970 жылы жоғалды деп танылды. Тұран жолбарысы деп аталатын жолбарыс Орта Азия, Иран және Кавказ аумағын да мекендеген. Балқаш маңынан жойылып кеткен тұяқты жануарлардыӊ барлық түрі қалпына келеді. Тұран даланы мекен еткен түз тағысы жерсініп, қайта оралса тіпті керемет болар еді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы