БАЛАЛАРҒА ОБАЛ. ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ОБЛЫС ӘКІМІНЕ МҰҢ ШАҚТЫ

Уақыты: 15.08.2022
Оқылды: 1129
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Талғар ауданына іссапармен барды. Аймақ басшысы елдімекен тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, қордаланған мәселелерге назар аударды.

Әкімнің сапары бұрынғыдан өзгеше сипат алды. Бұл жолы «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, әбден жауыр болған жаттанды нысандар алдымыздан кесе-көлденеңдеп шықпады. Есесіне, облыс әкімі ел аралауды көзге қораш көрінген Жаңалық ауылының көшелерінен бастады.

Аталған елдімекенде 4 ықшамаудан бар екен. Атап айтсақ, олар – «Айсұлу», «Шығыс», «Нұрай-1» және «Нұрай-2». Әкім бастаған топ алдымен «Айсұлудағы» Талғар көшесіне ат басын бұрды. Мұндағы жолдың ойдым-ойдымы шығыпты. Борпылдаған сары топырақтың шаңы жүрген сайын балағыңа жабысады. Ал жаңбыр жауған күндері қандай болатыны айтпаса да түсінікті. 

– Көшенің түрін көрдіңіздер. Көктем мен күз айларында жүріп-тұру тіптен қиындайды. Әсіресе, мектепке қатынайтын балаларға обал-ақ. Аяқкиімдері балшықтан көрінбейді. Асфальттың ауылы алыс десеңіздер, тым болмаса қиыршық тас төсеп, жылына бір-екі рет тегістеп тұрсаңыздар соған да риза болар едік, – дейді ықшамаудан тұрғыны Ержан есімді азамат. 

Облыс әкімі осы салаға жауапты мамандарға көшеге тас төсеу жұмысын жылдамдатуды тапсырды. 

Бұдан кейінгі сөйлегендердің де арыз-шағымы аз болмады. Тұрғындар ықшамауданда электр жарығының күн сайын өшіп, әбігерге салатынын ашына айтты. Өйткені электр трансформаторының тозығы жеткен. Сәл ғана жел тұрса істен шығады. Ал интернет байланысы жоқтың қасы. Коронавирус індеті ушығып тұрған кезде амалсыз онлайн оқыған оқушылар сол кезде небір қиындықтарды бастан кешіргенін естідік.

Келесі аялдаған «Шығыс», «Нұрай-1», «Нұрай-2» ықшамаудандарында да осы көрініс қайталанып, мұң-мұқтаж алдыңыздан шығады. Біраз күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Аталған елдімекендерде тұратын оқушылар қайтадан Байсеркедегі мектепке баруға мәжбүр. Өйткені, Жаңалық ауылындағы бір ғана оқу ғимараты балаларға лық толған. Үш ауысыммен жұмыс істеп тұр.

– Балаларымыз мектептен үйге қайтқанда көліктер дамыл таппай ағылатын қара жолды кесіп өтеді. Сондықтан осы тұсқа бағдаршам орнатса, оқушыларды таситын арнайы автобус бөлінсе тіптен жақсы, – дейді ауыл тұрғыны Салтанат Пазылбекова.

Ары қарай облыс әкімі Қайнар ауылдық округіне қарасты Дәулет ауылына барды. Ондағы орта мектепке бас сұққан кезде керегелері қақыраған, едендері қисайған, төбелері түскен көрініс көңілді құлазытты. Бұлай дегенде, ғимаратты ескі деп қалмаңыздар. 2019 жылы ғана пайдалануға берілген. Мектеп құрылысын жүргізген «Еламан» ЖШС басшысының айтуынша, оған себеп болған жерасты суының көтерілуі екен.

– Берілген жоба бойынша жұмысты дер кезінде аяқтадық. Алайда жерасты суы көтеріліп кетеді деп кім ойлаған? Соның салдарынан ғимаратқа зиян келді. Қолымыздан келгенше кемшіліктің орнын толтырып жатырмыз. Жауапкершіліктен қашпаймыз, – дейді құрылысқа жауапты мамандар.

Бірақ тұрғындардың күмәні сейілер емес. Сондықтан балаларын мектепке апарудан қорқып отыр. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев облыс прокурорына аталған істі қадағалап, зерттеу-анықтау жұмыстарын қайта жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жұртшылық Дәулет ауылының маңындағы «Асанбек» шаруа қожалығының жұмысына да наразылық білдірді. Шаруашылық үй жануарларының сүйектерін ұнтақтап, тауықтарға жем дайындайды екен. Тұрғындар «ондағы малдың өлекселерінен шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады» деп дабыл қақты. Заңдық талаптарды ескермеген шаруашылық жұмысын уақытша тоқтатыпты.

– Әрине, біз кәсіп ашқан азаматтарды қуана қолдаймыз. Бірақ жұмыстар заңға сай болуы керек. Қоршаған ортаға зиянын тигізбеуге тиіс, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Бұдан кейін жұмыс тобы Панфилов ауылдық округіне жол тартты. Қарабұлақ елдімекеніндегі көпқабатты үйлердің мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Онда кәріз құбырлары істен шыққан. 2002 жылдан бері орталық жылу қазандықтары жұмыс істемейді. Әркім хал-қадірінше күн кешуде. Бірі электрді пайдаланса, екіншілері көмірмен үйін жылытады. 

Панфилов ауылындағы 1958 жылы салынған мәдениет үйінің ғимараты қаңырап тұр. Аудан әкімдігі жекеменшіктен сатып алып, жобалық-сметалық құжат жұмыстарына  қаржы бөлуін сұрап отыр. 

Қызыл ту елдімекенінің тұрғындары да сол баяғы газ, электр, жол, мектеп салу мәселесін алға тартты. Бұл жақта да балалар білім шаңырағының жетіспеушілігінен Алматыға сабылып жүр екен. 

– Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Өздеріңіз тұрып жатқан елдімекендегі кемшіліктерді жасырмай айтып, олардың орындалуын талап етіп, ортақ пікірге жүгінгендеріңіз құптарлық іс. Бүгін міне, қордаланған біраз жайттарды көзбен көріп, көңілге түйдік. Әрине, ол бір күнде шешіле қоймасы анық. Кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ең алдымен, балалардың таршылық көрмеуіне мән береміз. Сондықтан мектеп мәселесін бірінші орынға қоямыз. Қалғаны ретіне қарай қалыпқа келеді, – деп сөзін қорытындылады облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев. 

Іссапар барысында аймақ басшысы кеткен кемшіліктер үшін Талғар ауданының әкімі Қайдар Абдыхановқа сөгіс берілетінін хабарлады. Тұрғындармен ашық-жарқын дидарласып, жаңа форматта кездесу өткізудің нәтижесі көпшіліктің көңілінен шықты. Оның нәтижесі ойдағыдай болады деген үміттеміз.

Болат МӘЖИТ

Талғар ауданы,

Алматы облысы