МҰҚЫРЫҒА ГАЗ КЕЛДІ. ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТАҒЫ ҮШ АУЫЛ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛМАҚ

Уақыты: 17.08.2022
Оқылды: 1291
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылына газ құбыры тартылып, көгілдір отын берілді. Бұл - Көксу ауданында осы жылы көгілдір отынға қосылған бесінші ауыл.

Мұқырылық тұрғындар осыған дейін облысы әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесуінде ауылға газ қостыруды жылдың соңына дейін бітіріп беруді сұраған болатын. Басшылықтың жіті бақылауы мен іркіліссіз атқарылған жұмыс нәтижесінде өтініш-тілек орындалып, 600 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік туды. Жалпы, ауданда қазір 20 503 адамның немесе тұрғындардың 43,7%-ның көгілдір отынға қосылуына жағдай жасалған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2020-2022 жылдарға Көксу ауданындағы 8 елді мекенді газдандыруға бюджеттен 2,023 млрд.теңге бөлінген. Осы күнге дейін Мұқырыны қосқанда 5 ауыл газға қол жеткізсе, жыл соңына дейін 4 мыңнан астам тұрғыны бар тағы 3-еуі - Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдары да газға қосылады. Тағы 12 ауылды газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Олардағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2023-2024 жылдары жүргізіледі.

Мұқырыда алғашқы болып үйіне газ кіргізілген тұрғын - 44 жыл жергілікті мектепте ұстаз болған, жалғыз тұратын ардагердің бірі, Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің қызы Рәбиға Алдабергенова. Оның қуанышында шек жоқ. Бұл үйге «BSP групп» компаниясы жергілікті әкімдікпен бірлесіп, газды тегін қосып берген. Зейнеткер газ тарту ісінің басы-қасында жүрген жандарға алғысын айтты.

- Үйіме тегін газ қосып берген демеушілерге, барша азаматтарға айтар алғысым көп. Егде адам болғасын жүрек ауырады, бел омыртқамда сырқатым бар, сол үшін маған от жағып, күл шығарған қиын еді. Газға қосып бергені маған үлкен демеу болды. Қыста суық 40 градусқа барғанда газдың қысымы төмендеп кететіні заңды құбылыс. Оны өзім химия пәнінің мұғалімі ретінде жақсы білемін. Сондықтан, қатты аяздарда қосымша қор болсын деп 1-2 тонна көмір алып қойдым. Ауылға жеткен табиғи газдың қызығын барша тұрғын көре алатынына қуаныштымын, - деді Р.Алдабергенова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"