ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 22.08.2022
Оқылды: 1566
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы әкімінің өкімімен Болат Бақбергенұлы Керімбек Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Болат Бақбергенұлы 1982 жылы туған. Білімі жоғары. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша бітірген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасын аяқтаған, мемлекеттік және муниципалды басқару магистрі.

Еңбек жолын «Отан» партиясының Талдықорған қалалық өкілдігінде есеп және статистика секторының меңгерушісі болып бастады.

Әр жылдарда Астана қаласының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы талдау бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Мемлекет тарихы» институтының  аға ғылыми қызметкері, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, консультанты, инспекторы, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды.

2022 жылдың қаңтарынан Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"