АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘЛЕМНІҢ 100-ГЕ ЖУЫҚ МЕМЛЕКЕТІМЕН САУДА-САТТЫҚ ЖҮРГІЗЕДІ

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1238
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ бейнеконференция байланысы режимінде өткен «Қазақстан – Қытай ынтымақтастығы бойынша достық диалог» телекөпірі барысында Алматы облысында шетелік инвесторлардың қатысуымен 1,3 миллиард доллар сомасына 19 жоба жүзеге асырылатынын мәлім етті.

Белгілі болғандай, Алматы облысы әлем бойынша 97 елмен сауда ынтымақтастығын жүргізуде. Биылғы 7 айда облыстың экспорт айналымы 179,9 млн.АҚШ долларын құраған. Бұдан басқа, 6 500-ге жуық жұмыс орнын құра отырып, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,3 млрд.АҚШ доллары сомасына шамамен 19 жоба, оның ішінде инвестициялар сомасы – 94,5 млрд.теңге болатын 350 жұмыс орнын құрумен «Жетісу Вольфрамы» ЖШС – «Бұғыты» вольфрам кен орнын өнеркәсіптік игеру сияқты Қытай инвестицияларының қатысуымен жобалар іске асырылуда. «Жеті өзеннің қуаты» ЖШС – инвестиция көлемі 37,4 млрд.теңгені құрайтын 60 МВт-тық «Шелек» жел электр стансысында 30 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

«Алматы облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы экономикалық қатынастардың қазіргі жағдайы жаңа бірлескен жобаларды іске асыруда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бүгінгі таңда логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика сынды экономиканың салалары аймақты дамытудың басым бағыттары болып табылады. Еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан облыстың ҚХР-мен жалпы шекарасы 300 шақырымнан астам және республиканың «Ұлы Жібек жолы» өтетін 4 облысының бірі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар автомобиль дәлізі болып табылады. Елдің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласының айналасында агломерация құрылуда, онда негізгі өнеркәсіп пен халық шоғырланған. Облыстың трансконтиненталдық дәліз жолында тиімді көліктік-логистикалық орналасуы аймаққа 183 миллион адам әлеуеті бар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) нарықтарына қол жеткізуге мүмкіндік береді және көліктік логистиканы дамыту басымдығын айқындайды», – деді Марат Елеусізұлы.

Телекөпірді қорытындылаған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мен ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Еркін Тунияз Шыңжаң өңірімен бауырластық байланыс орнату ниеті туралы хаттамаға қол қойды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы