ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ КІМГЕ ТҮСТІ? ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ӘКІМДЕР САЙЛАНДЫ

Уақыты: 18.10.2022
Оқылды: 1453
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша қазақстандық қоғамды демократияландыру және жергілікті биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында ауыл-қала әкімдерін сайлау арқылы таңдау үрдісі жалғасуда. Жексенбі күні Қарасай ауданында бір қала мен төрт ауылдық округтің әкімдерін сайлау осы дәстүрдің жалғасы десе де болады.

Бұған дейін Елтай мен Жандосов ауылдық округтері әкімдерін сайлап, едәуір тәжірибе жинақтаған жұртшылық бұл жолы Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласы мен Шамалған, Райымбек, Жамбыл және Бірінші май ауылдарының әкімдерін тікелей сайлау арқылы анықтады.

Бір айта кетерлігі, осы сайлауда халықтың белсенділігі күрт артып, ауылды басқару тізгінін өз қолына алғысы келетіндердің қатары көбейгендігі еді. Аталған лауазымға үміткер ретінде 25 азаматтың тіркелуі осыны аңғартса керек. Мысалы, Қарасай аудандық сайлау комисиясының мәліметі бойынша, Қаскелең қаласы әкімінің қызметіне – 6 үміткер, Шамалғанға – 6, Жамбылға – 4, Бірінші майға – 6, Райымбекке – 3 адам тіркелген. Олардың қатарында осыған дейін әкім қызметін атқарып келгендермен бірге, мемлекеттік қызметкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдері де бар. Алайда аталған лауазымға қойылатын талаптарға сай келмей және түрлі себептермен өз кандидатураларын алып тастаған жағдайлардан кейін сайлауға 18 адам іріктеліп шықққан.

- Өзін-өзі ұсынғандар қатары көп болғандықтан сайлау қоғам өкілдерінің қатаң бақылауында болды, – дейді аудандық сайлау комисиясының төрайымы Ғалия Аманова. – Жалпы, жауапты науқан кезінде тәртіп бұзу, түсінбестік тіркелген жоқ. Халық ешкімнің араласуынсыз еркін түрде өз таңдауларын жасады.

Жалпы, сайлау нәтижесі күткендегідей болды десек, қателесе қоймаймыз. Себебі, осыған дейін әкім қызметін атқарып, ауыл тұрғындарының сенімі мен құрметіне ие болған азаматтар тағы бір кезеңге халық мандатына ие болды. Атап айтқанда, Қаскелең қаласына бұрынғы әкімі – Асқар Мұқашев, Шамалған округіне – Ержас Тоқтасынов, Бірінші май округіне – Елдос Мұқатаев, Райымбек округіне – Елжан Түленбаевтар қайтадан сайланса, Жамбыл округі әкімінің тұғырына осыған дейін Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарған Еламан Өмербаев көтерілді. Халықтың сенімі мен қолдауына ие болған азаматтар жауапкершілік үдесінен шығып, ел игілігі үшін еңбек етеді деп сенеміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы,

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды