ҚАЗІРГІДЕЙ КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢДЕ БІЗГЕ ТЫНЫШТЫҚ КЕРЕК - ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 688
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Кеген ауданында жалпы 34 сайлау учаскесі бар. Оның ішінде 3 учаске жабық деп саналады. Өңір бойынша 18608 сайлаушы тіркелген.  Бүгін 20 қараша жексенбі күні сағат 7-00 ден бастап Қазақстан Республикасының Президентін сайлау басталып кетті.

Біз Кеген ауылындағы Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепке орналасқан №558 сайлау учаскесінде болдық. Сағат таңертеңгі 7-ге таяу сайлау салтанатты түрде басталды. Мемлекеттік Ән Ұранымыз орындалып, ізгі тілектер айтылды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Мәсімханов, ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Жандыбай Аманжолов тағы басқалар сөз алып, бүгінгі сайлаудың еліміз үшін, әркім үшін маңызды екенін айтып өтті.

- Біздің № 558 сайлау учаскесіне 1440 сайлаушы тіркелген. Өздеріңіз куә болып тұрғандай, сағат 8 ден бастап келушілердің қатары көбейіп келеді. 9 жарымға дейін 319 сайлаушы учаскемізге келіп, өз таңдауларын жасады. Жалпы, сайлаудың өз мәнінде өтетініне сеніміміз мол, - дейді №558 сайлау учаскесінің төрайымы Маркия Мұқамедиева.

Сайлау учаскесінде облыстық азаматтық «Альянс» ассоциациясының заңды тұлғасы Бану Әбділдаева, париялық емес бақылау орталығы республикалық қоғамдық бірлестігінен Әйгерім Кенжебай, «Аманат» партиясынан Дархан Абдрасилов тағы басқалар бақылаушы болып отыр.

- Өз таңдауымды жасап, дауыс беріп отырмын. Дәл қазіргідей күрделі кезеңде, анау бір мемлекеттер соғыс зардабын тартып жатқанда бізге тыныштық керек. Еліміздің сыртқы саясатын мығым ұстап отырған Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын пейіліммен дауысымды бердім, - дейді ҚР Мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткері, үш ауданның Құрметті азаматы, қарт сайлаушылардың бірі Нағима Таласбаева.

Қарт сайлаушылардың ішінде байырғы, ардагер ұстаз Сара Қосаеваның да барын айта кетеу керек. Осы күні сайлау учаскесіне Айдар Темірлан, Бауыржан Жұлдызұлы секілді ең жас сайлаушылар да келіп, таңдауларын жасады. Жалпы, Кеген ауданында жұртшылық сайлауға бір кісідей қатысуда.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы,

Алматы облысы