САЙЛАУШЫЛАР АРАСЫНДА 18-ГЕ ЕНДІ ТОЛҒАН ЖАСТАР КӨП - ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 794
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы Еңбекшіқазақ ауданында да заң талаптарына сай басталды. Ауданда 112 сайлау учаскесі бар. Дауыс беруге 181802 адам тіркелген. Жұрт кандидаттардың қайраткерлік өмірбаяндарымен жете таныс.

Біз Алматы – Қорғас күре жолының бойындағы Қаратұрық ауылдық округіндегі Тауқаратұрық елдімекеніндегі №170 сайлау учаскесіне келдік. Округ бойынша 1259 адам дауыс беруге тиісті. Ауыл жұртының аталған саяси науқанға белсенді араласқаны бірден байқалады. Өйткені дауыс берушілердің қарасы үзілмей, бір біріне жалғасуда. Сонымен қатар партиялар мен қоғамдық ұйымдардан келген бақылаушылар өз жұмыстарына кедергісіз кіріскен.

Сайлаушылардың арасында 18-ге енді толған жастар көп. Солардың ішінде Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің бірінші курс студенті Ғазиза Әділдің пікіріне назар аудардық.

- Дауыс беруге тұңғыш рет қатысқаным мен үшін үлкен оқиға. Алматыдағы сайлау учаскесінен арнайы куәлік алып, өз ауылыма келдім. Осындағы ата-анаммен, туыстарыммен бірге ел Президентін сайлауға қатысқанды жөн көрдім. Сөз жоқ, әдемі әсерге бөленеді екенсің. Еліміздің қарыштап өскені, дамығаны бәрімізге керек. Жастар келешектен үлкен үміт күтеді. Бейбітшілік пен берекенің жөні бөлек. Әділдік, ақиқат үстем болса деп тілеймін. Алғашқы дауысымды соған арнап отырмын, - деді Ғазиза Әділ.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы