"Барлығы жазалансын": Студент қыз ағылшын тілінен үш алғаны үшін көз жұмды

Уақыты: 26.05.2023
Оқылды: 1145
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көкшетау қаласында колледж студенті ағылшын тілі пәнінен "үш" деген баға алған соң өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы  Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл баға дипломға қойылады екен, алайда бойжеткен бағаны әділетсіз әрі өзін дұрыс бағаламағанын айтып, анасына хат жазып қалдырыпты.

18 жастағы Аяулым Сансызбайдың анасы қызы диплом алған соң бастауыш сыныптарға ағылшын тілінен сабақ бергісі келгенін айтады.

Қыздың асылып қалғанын сіңілісі көріпті. 14 жастағы қыз жіпті кесіп, әпкесін жерге түсіргенімен, бәрі кеш болған. Аяулым анасына жазған хатында кешірім сұрап, сабақты жақсы оқуға тырысқанын айтыпты. Алайда бағаны әділетсіз қойды деген. Енді жақындары қыздарын өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді деп отыр. 

"Қызымды осындай жағдайға жеткізгені үшін жауап берсін. Сұмдық қой. Не үшін өлді? Қызымды соншалықты жек көрген бе? Барлығын жазаласын, мұны осы күйінде қалдырмаймыз", – деді анасы Айгүл Ахметжанова. 

Ал колледж қызметкерлері студентпен арада жанжал болмағанын мәлімдеді. Тіпті үштік бағаны өзгертуге мүмкіндік берген екен. Аяулым келіскенімен, бұл мүмкіндікті қолданбады деп отыр. 

"Қайта тапсыруға мүмкіндігі болды, 23 мамырда келсін дегенмін. Үстелге жақындағанда тапсырманы берейін деп жатқанмын, ол "Бұл дәл кешегі тест пе?" деп сұрады. Мен "Жоқ, басқа нұсқа" деп ескерттім. Сол кезде тестті қайта тапсырмайтынын айтты", – дейді педагог Динара Жүсіпова. 

Мұғалімнің айтуынша, анасы Аяулымның үшінші рет тест тапсыруын сұрапты. Келесі күні студент келуі керек болған, алайда оның өзіне қол салғанын естіпті. 

"Қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Жазып қалдырған хатқа қарағанда қыз суицид жасаған. Қазір тергеу жалғасып жатыр", – деді Ақмола облыстық полиция департаментінің өкілі Әсем Әбдірахманова.