Ғалым Шойкин бірегейлік жайына терең талдау жасады

Уақыты: 03.06.2023
Оқылды: 902
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұлттық бірегейлік негізінде біз талай белесті бағындырып, сан асуды артқа тастаймыз. Ұғым ортақ болған жерде ауызбіршілік, ынтымақ пен береке ұйып, мемлекетіміз жаһандану даңғылында өз көш-керуенін алға тарта бермек. Десек те біз кейбір ұғымның астарына мән бермей, олардың ауқымын тарылтып алып жатамыз. Соның салдарынан қоғамда келеңсіз жайттардың орын алып қалу қаупі бар.

Осылай деген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бірқатар мәселені баяндады. Ол әуелі Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында айтылған бірегейлік жайына терең талдау жасады.

Азаматтық, кәсіби деңгейлік бірегейлік деген не екенін айшықтап, қоғам туындатқан, Ата Заңда көрсетілген ережелерге бағынып, мемлекеттің тұтастығы мен бірлігі аясында іс қылу керектігін, Отан мүддесі тек қазаққа ғана тән деген жалаң, жаңсақ сөзді санадан сылып тастап, барша этносты бауырына басқан мемлекетіміздің мәртебесі үшін бір атаның баласындай татулықпен күш біріктіре еңбек ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ұлтшылдықтың орнына мемлекетшілдік, отаншылдық көзқарасты алға шығару керектігін, ұлтшыл болу өз халқыңның тағдыры таразыға түскен шақта бойдан табылу керекті асыл қасиет екенін көпшілікке ұғындырды.

Жетісу облысының зиялы қауым өкілдері, басқарма басшылары, журналистер қауымы қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясының қорытындысы бойынша «Көзқарас» талқылау жиынында облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алды. Ол аймақ бойынша атқарылып жатқан игілікті істерді атап, жаңа жоба-жоспарлар іске асырылып жатқанын айшықтады.

– «Ұлтты құраушы» деген ұғымның өзі ойға томпақ дүние. Әлбетте, мемлекетті құрушы – қазақ елі. Бірақ осыған байланысты өз ұлтымызды бір Отанның саясында ғұмыр кешіп жатқан басқа этностан жоғары қоюға немесе төмендетуге болмайды, – деген қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев ендігі жерде отандастарымыз бір мұрат, бір мақсат жолында күш біріктіруі керектігін жеткізді.

Ұлттық тұтастық, бірегейлік, синофобия сынды тақырыптар арқау болған жиында облыстық ҚХА жанындағы жетекші журналистер клубының төрағасы Атсалим Идигов сынды бірқатар өңір зиялысы сөз алып, мемлекеттік мүдде ортақ екенін тебірене толғады.

АРДА БИ