Жетісу облысында ойша "тартылған" газға бақандай 150 млн төленген

Уақыты: 07.08.2023
Оқылды: 519
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысындағы әне-міне бітеді деген газдың "жыры" әл-әзір бітпейтін түрі бар. Оған бұл саладағы үлкен-кішілі былықтар себеп болып отыр.

Мәселен, Жетісу облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек,  облыс прокуратурасы талдау аясында 150 млн теңгеден астам соманың жымқырылу тәсілін байқаған. Дәлірек айтқанда, жұмысқа жауапты болған топ нақты жобадағы  ресми бекітілген 26 км аралыққа ойдан 49 шақырым жер қосып есептеген. 

- Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы»Ескелді ауданының газ тарату желілерін салу«жобалық-сметалық құжаттамасында 75 км болат құбырларды төсеу жұмыстарын жүргізгені анықталды. Бұл ретте жобада көрсетілген жұмыс көлемі 26 км болып бекітілгені көрсетілген»,- делінген Жетісу облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомствоның ұсынған ресми дерек бойынша, қазір тапсырыс беруші негізсіз енгізген жұмыстар жойылылып, тиісінше шарт сомасы азайтылған. Сонымен бірге, аталған іске кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Міне, осылайша Амандық Баталовтың тұсында да "жақын уақыттарда бітеді" деген газ мәселесі жоғарыдағыдай заңсыздықтар кесірінен 2023 жылдың да "жырына" айналып отыр. 

Фото: көрнекілікке алынды

Қ. ӘБДІҒАПАР