"Рухы азат тұтас буын өсіп-жетілді": Жетісуда мықтылар анықталды

Уақыты: 09.08.2023
Оқылды: 667
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Заманның өркендеп, жаңаша түрленуі жас буынның қам-қарекетіне һәм биік қойған мақсатына да байланысты. Томағасы түрілген бала бүркіттің аңға түсем деп арандап қалмағаны аңшыны алаңдатқандай, жеткіншек жолының жарқын болуы ата-ана мен қоғам үшін маңызды мәселе саналатыны анық.

Аға салған соқпақтан адасып қалмасам дейтін өрендердің өркениет төрінен тұлға есебінде орын алуы маңыздырақ. Айталық, осыдан 2 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміз дербес мемлекет болғаннан бері ойы еркін, рухы азат тұтас буын өсіп-жетілді. Тәуелсіздік перзенттерінің алдыңғы буыны ержетіп, ел ісіне араласуда. Олар Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатыр», – дей отырып егемендік кезеңінде ер жеткен жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы грантын тағайындаған болатын.

Биыл Жетісу облысында алғаш рет жастардың бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына байқау жарияланды.

Мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және  IT салалары бойынша 100-ге жуық жоба қабылданды. Соның ішінде 10 жоба қолдау тапты. «Jetisy jastary» КММ-де аталған грант иелерін марапаттау рәсімі өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли арнайы қатысып, грант иегерлерімен кездесті. Жалынды жастарға аймақ басшысының сәлемін жолдап, 3 миллион теңгелік сртификатты салтанатты түрде табыстады.

Айта кетерлігі, жоғарыда аталған бағыттар бойынша Жансерік Байденов, Ева Шешукова, Гүлден Серікова, Салтанат Жақсылықова, Аслан Оралхан, Жалғас Ахметов, Жалғас Манархан, Жеңіс Молдахметов, Атамұра Мұсаханов, Диас Наби сынды жалынды жастар грант иегері атанып, шарада мерейленді.

 

Медет ЖҰМАБАЙ