Түлектерге Жетісу облысы әкімінің 100 гранты тағайындалды

Уақыты: 11.08.2023
Оқылды: 805
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында 2022-2023 оқу жылының барысында өңірдің білім беру мекемелеріне колледж және ЖОО түлектері қатарынан 308 жас маман жұмысқа орналасқан. Ал алдағы жаңа оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген білім беру гранттары аясында оқуын аяқтайтын 202 түлекті жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғалия Мұхметова брифинг кезінде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Дегенмен өңір мектептеріне математика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия пәнінің мұғалімдері әлі де қажет. Педагог кадрларға қажеттілік мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары тағайындалуда.

«Биыл 2022-2023 оқу жылын 6545 түлек аяқтаса, соның 5170-і Ұлттық біріңғай тест тапсырған. Түлектерге Жетісу облысы әкімінің 100 гранты тағайындалды. Оның 60-ы әлеуметтік әлжуаз санаттан шыққан түлектерге, 40-ы жалпы конкурс бойынша бөлінеді. Басымдылыққа әдеттегідей білім, медицина, ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар ие», - дейді облыстық білім басқармасының әдіскері Гүлмира Ахметова.