«Шаған тау – 2023» марафоны өтті

Уақыты: 29.08.2023
Оқылды: 412
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданына қарасты Ақтекше ауылында «Адалдық шыңында бол» ұранымен республикалық «Шаған тау – 2023» марафоны өтті.

Спорттық шара таңғы жаттығумен басталды. Әр аймақтан келген спортшылар дене қыздырып, бәсекеге белсене дайындалды. Әрқайсысы «жеңіске жетем» деген үміттің жетегінде жігерленді. Талабын тасқа жанып, тайсалмай тайталасатынын танытты.

Жарысқа өңірдегі белсенді жастар, спортшылар, әуесқой жеңіл атлеттер, облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты. Олар 18-ден жоғары және 40-тан жоғары жас санаттары бойынша бақ сынасты.

Игі істің өтуіне мұрындық болған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жетісу облысы бойынша департаменті, облыстық қоғамдық даму басқармасы, Көксу ауданының әкімдігі, «Jetіsý» jastary» КММ-нің филиалы «Koksý jastary».

Тау жарысының басты мақсаты – жастардың бойында адалдық пен сенімділікті, парасаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілікті қалыптастыру. Сонымен қатар, Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтарын саламатты өмір салтына ынталандыру.

Бұл додаға барлығы 150-ден астам адам қатысты. Нәтижесінде 13 шақырым қашықтық бойынша ерлер арасында 1-ші болып мәре сызығын Аман Нұркелді кессе, 2-ші болып Айбол Омар жүгіріп өтті. 3-орын Есенбол Жаңабекке бұйырды. Ал, әйелдер арасында 1-орынды Айжан Рахман, 2-орынды Жанлин Ростовецкая еншіледі.

6,5 шақырым қашықтыққа жүгіруде ерлер арасында жеңімпаз Данияр  Орманғали атанды. 2-орын Ислам Аманғосқа, 3-орын Әкім Еркебайға бұйырды. Ал, әйелдер арасында Ақбаян Нұрмаммет 1-ші келді. 2-ші болып мәреге Жұлдыз Ахметова жетті. 3-орынды Файруза Атшабарова місе тұтты.

6,5 шақырым қашықтық бойынша 40-тан жоғары жас санаты арасында 1-орынды Ержан Жанмаилов жеңіп алса, 2-орынды Асқар Қожанов еншіледі. 3-орын Сұңғат Қайыртаевқа бұйырды.

Жеңімпаздар Алғыс хатпен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ