Оқушылар енді «AlemPay» картасымен жүреді

Уақыты: 29.08.2023
Оқылды: 558
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел көлемінде цифрландыру жүйесі қолға алынып, бүгінде қарқын алған. Соның бір парасы білім саласына да жетті. Оған дәлел, Талдықорған қаласындағы жол жүру билетінің биылдан бастап электронды жол картасына ауысқаны.

Бүгінге дейін шаһар оқушылары жол жүру билетін пайдаланып келді. Енді аталған дүниенің электронды нұсқаға ауысуын естіген ата-аналар алаң күйде. Көкейлерінде «Картаға салынған салым тоқсан бойы оқушылардың еркін жүріп-тұруына жете ме? Лимит ай өтпей таусылып қалмай ма?» деген сынды көптеген сауал бар. Осы орайда қалалық білім бөлімінен мәселенің мән-жайын  білдік.

Талдықорған қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Қанағатов электронды жол жүру билеті жайлы толыққанды ақпарат беріп өтті. Оның айтуынша, аталған дүниенің тиімділігі болмаса, ата-ана мен оқушыға зияны жоқ.

– Бұған дейін қалада оқушылар мен студенттерге жолда жүру билеті тегін берілетін. Биылдан бастап облыс орталығанда автобус тасымалы бойынша «AlemPay» картасы берілмек. Электронды билеттендіруге көшуіміздің бірден-бір себебі – цифрландыру жүйесі. Оның дәстүрлі қолма-қол төлем жүйесінен артық тұстары көп, – деген ол мәселенің мән-жайын әрмен қарай тарқатты. 

Аталған жүйе тасымалдаушылар табысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар қоғамдық көліктердегі кикілжіңнің алдын алуға сеп болмақ. Оқушының көлік картасы бойынша бір жолғы жүру құнын жергілікті атқарушы орган белгілейді. Электронды картаны «Қазпочта»-дан сатып алуға болады. Бағасы – 400 теңге. Жол жүру картасы бала 18-ге толғанға дейін жарамды. Сонымен қатар, бұл бұрынғы билетке қарағанда әлдеқайда үнемді, тиімді екен. 

– Жол жүру картасын ата-аналар өздері алады. Карта дербес, яғни оны оқушы ғана пайдаланады. Әр айдың соңы қала оқушыларының қолданған сомасын білім бөлімі төлеп беретін болады. Сонымен қатар оқушылар ұялы телефон арқылы альтернативті төлем жасай алады. Мобильді құрылғының көмегімен, – деген Жасұлан Қанағатұлы карта лимиті шектеулі екенін ашық айтты. Бұл ретте оқушы электронды картаны тәулігіне 6 рет қана қолдана алады екен. Бір реткі жол жүру бағасы 40 теңгені құрайды. Міне, осындай ақпарға сүйенсек, шаһар ата-аналарының алаңдауына еш себеп жоғын білуге болатындай. Өйткені, әрбір оқушы 6 реткі төлем арқылы сабағына, арнайы үйірмелерге еркін барып-келе алады.

Айғаным АЙТМҰХАН