Жауыннан зардап шеккен ауылдарға материалдық көмек көрсетіледі

Уақыты: 29.08.2023
Оқылды: 740
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Толассыз жауған жауыннан зардап шеккен Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес, Абай ауылдарында материалдық шығынды есептеу жұмысы әлі де жүргізілуде. Арнайы құрылған топ өз жұмысын аяқтағаннан кейін тұрғындарға тиісті көмек көрсетіледі. Ал үйсіз қалған кей жан мектепте күнелтіп жүр. Оқу жылы жақындап қалды, олардың жағдайы қалай болмақ? 

Ешкіөлместен келгендер Қарабұлақтағы Константин Шестаков атындағы орта мектепке орналасқан. Қарабұлақ округінің әкімі Сержан Оңалбаев: «Дәл қазір мектепте 9 адам (5 бала, 4 үлкен) бар. Оларға жалға беретін үйді қарастырып жатырмыз. Оқушылар мектепке барғанға дейін тауып, кіргіземіз. Ал комиссия шығынды толық есептегеннен кейін тиісті материалдық көмек көрсетіледі», – дейді. 

– Бүгінгі таңда аудандық әкімдік селден зардап шеккендерге пәтер жалдап беру ісіне кіріскен. Кезекпен сол жаққа көшуде. Ал балалар өздерінің оқып жатқан мектептеріне сабаққа барады. Әр балаға білім бөлімі ата-анасының жеке шотына 40500 теңге аударды. Сонымен қатар, еріктілер, демеушілер қосымша киімдер алып көмек көрсетіп жатыр. Аудандық әкімдік осы күнге дейін мектебіміздің асханасын жалға алушымен келісімшартқа отырып, күнделікті тамақтандырып отырды, – дейді мектеп директоры Надира Смағұлова.  

Еске сала кетейік, жаңбыр суынан зардап шеккен Ешкіөлмес, Абай ауылдарындағы үйлер түгел тексеріліп, 89 үйге залал келтірілгені анықталған. Оның 22 үйі апатты жағдайда деп танылып, сүрілуге бұйрық алса, қалған 67 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болған. Сондай-ақ,  7 көшеде ұзындығы 12,7 шақырым автокөлік жолына орташа жөндеу жүргізіліп, 4 көшеде 4 шақырымға көшені жарықтандыру бағаналары орнатылады.  
Келешекте оқыс оқиға қайталанбау үшін каналды тазалау, оны кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Серік ҚАНТАЙ
Сурет: ашық дереккөзден