Тәртіптік жаза қолданылды

Уақыты: 19.09.2023
Оқылды: 682
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Қобылан Манаптың жетекшілігімен өткен жиында 5 мәселе қаралды, оның екеуі тәртіптік іс, үшеуі профилактикалық сұрақ. 

Кеңесте қаралған мәселелер бойынша Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарына, Ақсу ауданындағы Қарашілік ауылдық округінің әкіміне мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағандары үшін «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолдану ұсынылды.
Кемшіліктерді бұдан әрі болдырмау мақсатында тиісті іс-шараларды қабылдай отырып, қаралған мәселелерді қатаң бақылауға алу және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы, мемлекеттік сатып алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын оқып-үйрену, Әдеп кодексі талаптарын сақтау бойынша мемлекеттік қызметшілермен онлайн семинар өткізу тапсырылды.
Отырыста мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама бұзушылықтарының алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардың ұсыныстары тыңдалды. Көксу ауданы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ерлен Байғазы 2022-2023 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижелері бойынша баяндама жасады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің материалдық жауаптылығы мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау қорытындылары тыңдалып, мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар берілді.

Өз тілшіміз