Жетісу облысында сібір жарасының бірнеше ошағы анықталды

Уақыты: 28.09.2023
Оқылды: 533
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында кешенді тексеру барысында Сібір жарасының ошағы тіркелген қорымдар анықталды. Бір ғана Текелі қаласының аумағында тұрғын үйлерге жақын үш нысан табылды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Ұлттық телеарнаның дерегіне сүйеніп.

Бұл жағдайды облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің жанынан құрылған еріктілер айтып, дабыл қаққан. 

Текелі қаласында өткен ғасырдың 80-ші жылдарында сібір жарасынан ірі қара мал өлді деген ақпарат бар. Дәл сол ақпарат осы күнге дейін тұрғындардың мазасын алуда.

Секербала Қошқарбаева бұл жерде елу жылдай тұрып жатқанын айтады. Дәл ошақ бар деген жерде тауық өсіріп келеді. Айтуынша осы уақытта ешқандай мал да адам да сырқаттанбаған. Ал құзырлы органдар орынсыз мазалап әлек.

Мен мал ұстап отырмын. Егер ауру ошағы осы жерде болатын болса, менің малдарым неге қырылып қалмайды? Құзырлы органдар жылына екі рет келіп, мазамды алады, - дейді ол.

Жалпы Текелі қаласында үш жерде Сібір жарасының ошағы болған деп тіркеуде тұр. Алайда ол аймақтарда ешқандай қауіп жоқ, дейді ветеринария саласының мамандары.

Жетісу облысында сібір жарасын жұқтырған малды көметін арнайы 134 орын бар. Бес жер талапқа сай емес деген қорытынды бар. Соның ішінде Текелі қаласындағы үш орын. Шаһарда ешқандай қауіп болмаса да тізімді қайта жаңарту үшін жергілікті билік тиісті шара қолданамыз деп отыр.

Фото: ашық дереккөзден