Сайлау-2023: Саяси жаңғырудың айғағы

Уақыты: 04.10.2023
Оқылды: 851
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан демократиялық үдерістің даңғылына түсті. Мұны күнделікті тұрмыстан аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қалыптасқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы соның айғағы. Қазақта «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген бар. Халықтың, қоғамның талабына сай түрленіп жатқан саяси жүйенің бүгінгі көрінісі сол демократияның даңғылына баспалдақ.

Кейінгі уақытта Президент тапсырмасына байланысты сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енді. Кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібін өзгертіп, бұрынғы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағидатына ауыстыру, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу секілді бастамалар сайлау институтын одан әрі дамытты.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев дәстүрлі Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси реформа аясында бірер жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Азғантай уақыт аралығында «тоғызыншы территорияның» көптеген елді мекенінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Алдағы уақытта бұл демократиялық үрдіс қисынды жалғасын таппақ. Ендігі қадам – аудан әкімдерін сайлау болмақ.

Пилоттық жоба ретінде Жетісу өңірінде екі ауданның әкімі сайланбақ. Осы аудандардың жұртшылығы саяси науқанда белсенділік танытады деген ойдамыз. Өйткені, бұл саяси үдерістер халық талабына сай жүзеге асуда. Бастысы жаңашылдық мемлекетіміздің дамуына оң септігін тигізеді. Оған кәміл сенімдімін!

Еркебұлан Ақболатов,
облыстық мәслихат депутаты