«Еліміздің ең таза өңірі»: Жетісу облысындағы қоқыстардың 18%-ы қайта өңделеді

Уақыты: 05.10.2023
Оқылды: 629
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Экономикалық зерттеулер институтының бағалауы бойынша Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтардың төрттен бір бөлігі ғана қайта өңделеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

«Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қалдықтарды кәдеге жарату тек энергия көзіне айналып қана қоймай, қосымша ресурстар өндіруге де болады. Осылайша, 2015 жылы Apple сауда арқылы (ескі құрылғыларды жаңасына айырбастау) бір тоннаға жуық алтын және тағы үш тоннаға жуық күміс өндірді. Қазақстанда жыл сайын 3 млрд килодан астам қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) түзіледі, яғни еліміздің әрбір тұрғыны жылына орта есеппен 157 кило қоқыс тастайды», - дейді ЭЗИ сарапшысы Ерлан Кәрімов.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару көлемі бойынша көшбасшы – Ұлытау өңірі, мұнда әрбір тұрғын жылына орта есеппен 374 килоға жуық қоқыс тастайды. Сонымен қатар, облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейі небәрі 0,1%-ды құрап отыр, бұл өңір экологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін, деді сарапшы.

Тұрмыстық қатты қалдықтардың ең аз көлемін Жетісу өңірінің тұрғындары құрайды, бұл бір адамға небәрі 36 кило, сонымен бірге облыстағы қоқыстардың 18%-ы қайта өңделеді. Жетісу өңірін (тұрғындардың айтуы бойынша) «еліміздің ең таза өңірі» деп атауы бекер емес.

Жалпы Қазақстанда тұрмыстық қалдықтардың 25%-ы және өнеркәсіп қалдықтарының 40%-ы ғана қайта өңделеді немесе кәдеге жаратылады.

Фото: ғаламтордан алынды