"Майлы тамақты көп жеу, өт қабына тас байлану". Панкреонекроз ауруы жайлы не білу керек?

Уақыты: 17.10.2023
Оқылды: 502
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Панкреонекроз – ұйқы безі тіндерінде болатын деструктивті патологиялық процесс. Панкреонекроз - құрсақ қуысы органдарының барлық хирургиялық патологияларының арасындағы ең ауыр аурудың бірі. Бұл ауру кезінде ұйқы безі өз-өзін қорытып, оның бөліктері өле (некроз) бастайды, ал ауыр жағдайда барлық без бен оның айналасындағы органдар, тіндер де өледі. Соның салдарынан барлық ағза жұмысы бұзылады. Бұл қауіпті аурудың алғашқы белгілері қандай және оның алдын алу үшін не істеу керек?

Панкреонекроздың пайда болу себептері:

  • Созылмалы панкреатит (ұйқы безінің қабынуы);
  • Ішімдікке салыну;
  • Өт қабына тас байлану ауруы;
  • Ауыр жұқпалар;
  • Қуырылған және өте майлы тамақты жиі жеу;
  • Асқазанның және аш ішектің жаралы ауруы;
  • Зақым алу және құрсақ қуысына ота жасату.

Панкреонекрозды мынадай түрлерге бөледі:

Майлы панкреонекроз. Ол ұйқы безінің майлы капсуласының бұзылуын ынталандыратын липазаның жоғары белсенділігімен сипатталады;

Геморрагиялық панкреонекроз. Бұл жағдайда орган тінінің ісінуіне, қан тамырлардың кеңеюіне және олардың қабырғаларының бұзылуына әкелетін микроайналымдық бұзылыс басым.

Аралас панкреонекроз.

Панкреонекроздың алғашқы белгілері

Панкреонекроз әдетте 3 кезеңнен өтеді.

1. Патологиялық процесс жедел басталады. Ұйқы безінде бактериялар жылдам көбейеді, ұйқы безі ферменттері белсенді күшейеді. Науқасты мынадай белгілер мазалайды:

Ішінің ауыруы (белін бірдеңемен орап, қысып жатқандай ауыруы мүмкін);

  • Құсу;
  • Қалтырау;
  • Іш өту.

2. Ұйқы безі тіндерінде тесіктер пайда болады. Науқаста мынадай белгілер байқалуы мүмкін:

  • Қан мен өт аралас  құсу;
  • Іштің кебуі;
  • Үлкен дәретке бармау;
  • Ағзаның сусыздануының белгілері;
  • Сана шатасуы;
  • Қысымның төмендеп кетуі;
  • Тахикардия.

3. Қабыну айналасындағы тіндерге тарайды, көп ағзалық жетіспеушілік дамиды және науқас қайтыс болады.

Панкреонекрозды қалай емдейді?

Панкреонекрозы бар науқастарды бірден хирургиялық бөлімге жатқызады. Панкреонекроздың барлық дерлік жағдайында ұйқы безі сөлінің құйылуын қалыпқа келтіру үшін және шіріген бөліктерді алып тастау үшін жедел хирургиялық араласу қажет болады.

Мүмкін асқынулар

Панкреонекроз есеңгіруге, асқазан-ішектен қан кетуге, ферменттер жетіспеушілігіне, іріңдік жараға, қабынуға, қақпалық көктамырлар тромбозына әкелуі мүмкін.

Панкреонекроздың алдын алу үшін не істеу керек?

Ең алдымен алкогольден бас тарту керек. Сондай-ақ майлы және қуырылған тағамдар, тәтті газдалған сусындардан бас тартыңыз. Артық тамақтанбаңыз. Жедел панкреатит және басқа да қауіпті аурулардың алдын алудың ең жақсы жолы - салауатты өмір салтын сақтану.

Егер сізді қандай да бір белгілер мазалап жүрсе, терапевт маманға барыңыз. Ал панкреонекроздың бастапқы кезеңінде гастроэнтерологтың, ал соңғы кезеңдерінде хирургтің көмегі қажет болады.

Дереккөз: massaget.kz
Фото: ru.freepik.com