Жазылған жайдың жаңғырығы: Жұмыла көтерсек жүк жеңіл

Уақыты: 17.10.2023
Оқылды: 433
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Шалғай ауыл шырағы» айдары бойынша Алакөл ауданының Достық ауылдық округі жөнінде дайындалған «Шам жарығы түбіне түспей ме?» атты мақала газеттің  №106 (19245) сенбі, 16 қыркүйектегі санында  жарияланған соң онда көтерілген мәселелер бойынша тиісті құзырлы мекеме басшылары мен жеке тұлғалардың атына хат жазғанбыз. Міне, соның жауабы да келе бастады. 

Мақаладағы сұрақтардың дені «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына бағытталған болатын. Аталған акционерлік қоғамның аппарат басшысы C. Кеулімжаевтің жауабында:  «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы  (бұдан әрі «ҚТЖ» ҰК» АҚ) сіздің 2023 жылғы 26 қыркүйектегі хатыңызды қарап, келесіні хабарлайды: 

Жалға алушылардың меншігіндегі корпоративтік (қызметтік) пәтерлерді иеліктен шығарудың тәртібі мен шарттары «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқармасының шешімімен бекітілген «ҚТЖ» ҰК» АҚ корпоративтік тұрғын үй беру және иеліктен шығару қағидаларымен (бұдан әрі – Қағида) реттеледі. 

Қағида нормалары мен ережелеріне сәйкес қызметкер (жалға алушы) «ҚТЖ» ҰК» АҚ тұрғын үй комиссиясына өзі тұрып жатқан корпоративтік пәтерді өз меншігіне беру (иеліктен шығару) туралы өтінішпен жүгінуге құқылы, бұл ретте корпоративтік тұрғын үйді жалға алушылардың меншігіне иеліктен шығару туралы түпкілікті шешімді, тұрғын үй бизнесі иелерінің ұсынымдарын ескере отырып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқармасы қабылдайды. 

Корпоративтік тұрғын үй қорын иеліктен шығару мәселесінің әртүрлі ұзақмерзімді операциялық тәуекелдерге, яғни, пәтерлерді жекешелендіруден кейін кадрлардың кету қаупі, шалғайдағы стансыларда корпоративтік тұрғын үйлердің болмауына байланысты кадрлардың жетіспеу қаупі, тағы да басқа себептері бар.  

Осылайша, осы уақытқа дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ корпоративтік тұрғын үй қорын иеліктен шығару мәселесін шешу тәуекелдерді егжей-тегжейлі талдау және бағалау қажеттілігіне орай тұрғын үй комиссиясының шешімімен қосымша тәуекелдерді, оның ішінде корпоративтік тұрғын үйдің баланстық құнын бағалауға байланысты, бағалау бойынша жүргізілген талдауды зерделеу нәтижелері бойынша, тұрғын үйді қызметкерлердің (жалға алушылардың) меншігіне беруді уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. 

Жақын арада «ҚТЖ» ҰК» АҚ тұрғын үй комиссиясының отырысы өтеді деп күтілуде, онда барлық филиалдар мен еншілес ұйымдарға тиісті хабарламалар жібере отырып, тұрғын үйді қызметкерлердің (жалға алушылардың) меншігіне беру процесін бастау бойынша бірқатар басқарушылық шешімдер қабылдау жоспарлануда.

Сондай-ақ, корпоративтік пәтерлерді жалға алушылардың меншігіне беру процесі, мәжбүрлеп шығарусыз әлеуметтік бағдарланған жұмыс беруші қағидаттары бойынша жүзеге асырылатынын атап өтеміз», – делінген.

Достық ауылының әкімі Ермек Еңсебаев: «Бүгінде Достық ауылында  1281 пәтер бар. Оның 1039-ы көпқабатты, 179-ы жер үй. 2021 жылғы 27 мамырда «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқармасының                № 02/18 хаттамасында  «Достық» НЖС-7 балансында тұрған 19 пәтер меншік құқығына өткен.  Сондай-ақ, 81 пәтерге меншік құқығы берілгенімен «ҚТЖ» ҰК АҚ» теңгерімінен шығарылмаған. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Достық стансысындағы тұрғын үй қорының қалдық баланстық құны   5 372 057 064,90 теңгені құрады. Биылғы «Корпоративтік тұрғын үйлерді иеліктен шығарудың Жол картасы» жоспарына сәйкес  Достық стансысы бойынша:   ІІ тоқсанда 281 пәтер, ІІІ тоқсанда 484 пәтер, ІV тоқсанда 500 пәтер жекеменшікке беру жоспарланған.  Алайда, бүгінгі таңда 259 өтініш Алматы магис- тральдық желі бөлімшесіне түсіп, «ҚТЖ ҰК» АҚ  басшылығының тұрғын үй комиссия отырысына қарауға жолданған. 

Достық ауылындағы Ш. Қалдаяқов көшесі бойында орналасқан 7 және 10 үй шағынаудандарында  «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-нің  теңгерімінде тұрған «Шындалы» өзенінен  тазартылған ауызсу беріліп отыр. Алайда көктемгі және күзгі уақытта ауа райы күрт бұзылып, жауын-шашын салдарынан су сүзгіш құбырына  судың  нормасынан көп келуі және жер тоңының еруіне байланысты қозғалыстардан болған су құбырындағы  ақау салдарынан  теміржол  теңгерімінде тұрған 7 және 10 үй ауданы тұрғындары үйлеріне лай су баратыны рас. 

Осы жағдайлардың алдын алуға  байланысты 2019 жылы Алакөл ауданы әкімдігі тарапынан «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы  акционерлік қоғамына  ауызсудың 5 құдығын қазып, халыққа таза ауызсу беру үшін 2 гектар жер телімі бөлінген болатын.  2021 жылы 180 метр тереңдікте 1 ұңғыма (скважина)  қазылып, зерделеу жұмыстары жүргізілген, нәтижесінде таза ауызсу алуға болатындығы анықталған. Бірақ «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы  акционерлік қоғамы  тарапынан таза ауызсу жүргізу үшін қаражат бөлінбегенін хабарлады.

«ҚТЖ ҰК» акционерлік қоғамы Алакөл ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне  тамыз айында Достық ауылына салынатын аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаттарды қабылдап-тапсыру жұмыстары атқарылды. Алайда, ЖСҚ-тың мерзімі өтіп кетуіне байланысты қайта есептеуге жіберіледі. ЖСҚ қайта есептен өтіп, келесі жылы бюджеттік өтінім тиісті облыстық мекемеге жолданады. Бюджеттік өтінім қабылданған жағдайда  аспалы көпір құрылысы жүргізілетіндігін хабарлаймыз.

«ҚТЖ ҰК» АҚ-ның Алматы магистральдық желі бөлімшесі филиалы директорының орынбасары Б. Жадранов  «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы «Магистральдық желі дирекциясының» бас инженері Қ. Урынбаевқа «Семей ядролық сынақ полигоны аймағында тұрған қазіргі кезде теміржол саласындағы қызметкерлерге жеңілдіктер беру мәселесін қарастыру қажеттілігі» туралы хат жолданғанын хабарлады. Оның жауабын қосымша айтатын боламыз», – деп жауап беріпті. 

Ал Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Жайлаубай Нұрмұхамедов: «Президент айтқандай: «Шындық айтылмаған жерде әділдіктің атасы өледі». «Көш жүре түзеледі» деген тәубешілікпен 30 жылды өткізсек те  жұрт көңілі жабырқаңқы. Достық ауылының көркейіп, көктеуі жолында бір тал шеге болса да түзу қақсақ, елдің игілігі үшін еңбек еткеніміз. Осыған орай  өзімнің депутаттық сауалдарымды әлеуметтік желілерге де жиі жариялап тұрамын. Өйткені жұрт хабардар болып, атқарылуына үн қоссын деген ой. Бұл дүниелерді жұрттың қамын жеген қырағы журналистердің көзі шалмауы мүмкін емес. «Jetisу» газетінде жарық көрген «Шам жарығы түбіне түспей ме?» атты мақалада сол жайлы айтылған екен.  Биыл көктемде аудандық мәслихаттың депутаты болғалы түрлі мекеме, ведомствоға 25 сұрақтан тұратын 11 депутаттық сауал жолдадым. Оның 16-сы орындалса, 9-ы әлі шешімін тапқан жоқ. Президенттің жаңа Жолдауында көптеген ауқымды мәселелер көтеріліп, тапсырмалар берілді. Осыған орай  ауылдық округтегі 12 ұжыммен кездесіп, Жолдауды талдап, түсіндіру барысында Достық ауылындағы қордаланған мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал ретінде жолдап, шешілуіне ықпал етудемін», – деп жазыпты.

Ең алдымен, газет бетінде жарияланған мақаламызға бейжай қарамай  түсіністік танытып, ондағы сұрақтарға тұшымды жауап берген құзырлы мекеме басшыларына алғысымызды айтамыз. Бұл сұрақтардың қалай шешілетінін   алдағы уақытта да назарымызда ұстайтын боламыз. 

Қажет АНДАС
Алакөл ауданы