ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 14.12.2023
Оқылды: 420
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тіл сарайында облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Алқалы жиында облыс бойынша халыққа сапалы медициналық қызмет  көрсету және қолжетімділікті қамтамасыз ету жайы сөз етілді.

Аталмыш жиынды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков ашып, жүргізіп отырды. Жиынның мақсаты – халық пен саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің арасында сындарлы диалог орнату, жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, өзекті мәселелерді қарау. Күн тәртібінде қоғамдағы ауқымды, өзекті тақырыптар ұсынылды. Басқосуда қаузалған мәселелер бойынша хаттама жасалынып, ұсыныс ретінде жергілікті атқарушы билік органдары және мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Отырыста кеңес мүшелері өңірдегі медицина саласының сапасы жайлы әңгіме көтерді. Сонымен қатар, облыстағы «Жедел жәрдем» мен телемедицинаның жай-күйіне тоқталды. Олардың адам денсаулығына зиянын тигізбей, тиімді жұмыс жасауын қолға алып, алдағы уақытта бұл мәселені басты назарда ұстау керектігін жеткізді. 

– Өркениеті дамыған елдерде ішкі өнімнен бөлінетін қаражат 16%-дан 22-23%-ға дейін жетеді. Ал біздің елде бұл көрсеткіш 3,5%-дан аспайды. Бүгінде біздің адам құндылығына аса маңызды шара қабылдауға мүмкіндігіміз жетпей жатыр. Пандемия кезінде ақ халатты абзал жандарды біршама түсінгендей болып, оларға жақсы қолдау көрсеттік. Дегенмен, ары қарай бұл саланың жандануын жалғастыруға шамамыз жетпей қалған сыңайлы. Мүмкін медицина саласының жұмысын түбегейлі өзгерту керек те шығар, –  деп денсаулық сақтау  саласының ардагері Мақсұт Қалажанов өз ойын ортаға салды.

Өз кезегінде қоғамдық кеңес отырысына қатысушы басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері көкейдегі сауалдарын жолдап, еркін пікір алмасты.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: автордікі