КӨТЕРІЛІСКЕ ҚАТЫСҚАНЫМДЫ МАҚТАН ЕТЕМІН

Уақыты: 16.12.2023
Оқылды: 900
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жер-жаһанды  дүр сілкіндірген 1986 жылғы  Желтоқсан көтерілісін  исі Алаш  баласы еш уақытта  ұмыта  қоймас. Бұл  қазақ халқының тәуелсіз,  бостан  ел  болуға  деген  талпынысы еді. Бірақ  қылышынан  қан тамған  қызыл  империя бұл  бұлғақты  қанжоса  етіп  басты.  Алайда, Қазақстанда  болған  көтеріліс Кремльдің  кіші  ұлттарға  деген  зұлым  саясатының  көбесін сөкті. КСРО кеңістігінде  өмір сүріп  жатқан   өзге  ұлттардың да тәуелсіздікке  деген  санасын  оятты.

Мен  1986  жылы КазГУ-дің  (қазіргі  әл- Фараби атындағы Мемлекеттік  ұлттық  университеті)  журналистика факультетінің 1-курс студенті  едім. 16  желтоқсан  күні кешкісін  жатақханада Қазақстан  билігінде  өзгеріс  болғанын, Қонаевтың  орнынан кетіп,  ресейлік Колбин  деген  азаматтың  тағайындалғанын естідік. Ертеңінде  "жұрт әділдік  үшін Жаңа Алаңға жиналып  жатыр»  дегенді естіген соң бүкіл курс дүр  көтеріліп,  халық жиналған  жерге  бардық. Теңіздей  толқыған  елдің Мәскеудің зымиян саясатына  деген ашу-ызасы  шексіз еді.  Алаңда исі  қазақтың  намысын  жанитын  ұрандар көтеріліп,  рухын асқақтатын әндер айтылды. Мұның  арты қақтығысқа алып  келді. Алаңда бостан  ел  болсам  деген  Алаш  баласының  қаны  төгілді. Сол  дүрмектің  қақ  ортасында  түн  жарымға  дейін  жүріп, жатақханаға  қайттым.  Ертеңінде, яғни 18  желтоқсан күні таң  алдында  оятты. Ол кезде  1-курс студенттерінің  көбі ҚазМУ-де  құрылған  «ерікті комсомолдар  жасағына» (ОКД) мүше  еді. Мен де  соның бірімін. Мұқым ҚазМУ-ден 40-қа  жуық  студентті автобусқа  тиеп,  сол кездегі Калинин  ауданының  ғимаратына  алып келді.  Сол  жерде   сағат  9-ға  дейін отырдық.  Сосын  барып,  жеңімізге  қызыл  лента  байлап,  алаңға алып  барып,  алаңды  қоршап тұрған әскерлер мен  милициялардың  арасына қосып  жіберді.

Тұрған  жеріміз қазіргі Тәуелсіздік ескерткішінің  маңы. Алаңды  көк  құрышқа малынған  әскер  қоршап  тұр. Бір уақытта шет  жақта  тұрған  курстасым Серік  Сатыбалдиевқа  көзім  түсті. Жанына  орыстың  бір офицері келіп  әлденені айтып  жатқан. Бір уақытта  Серік  соның  соңынан еріп кетіп  бара  жатыр екен. Студенттерге  сенбеді  ме,  көп  ұзамай  бізді  қайтарып жіберді.  Ортамызда  Серік жоқ.  Сөйтсек,  оны және   бір  топ  жігіттерді қамап, Шамалған  жаққа, айдалаға  апарып, тастап кетіпті. Жауыздықтың  түрін  қарасаңызшы.  Содан   бір ай  тыныштық  жоқ. Күнде  тексеріс, сұраққа  тарту.  Ақыры  қамап  тынды. Бір  апта түрменің дәмін таттық.  Оқудан  шығаруы  тиіс еді.  Алайда ұлтым  деген  азаматтардың  арқасында оқуды  ары  жалғастыра беруге  мүмкіндік алдық.  Содан бері арада  талай  жыл  өтті. Талай  су ақты. Бірақ  сол  бір  желтоқсанның ызғарлы күндері естен  шығар емес. Ол  жөнінде кезінде  «Ай  бұлтқа  тығылған  түн»  деген  әңгімеде  жаздым. Шынында бұл айдың бұлттың тасасына тығылған күн еді.  Қазақ  халқының бостандыққа  деген   ұлы  бұлғағына  қатысу  менің  өмірімдегі  ең  ірі оқиға  деп  білемін. Ешкімге  жар  салып айтпасам да, ұлтымыздың бостан  ел  болсақ  деген  көтерілісіне  қатысқаныма  іштей  ырзамын.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 
Dodanews.kz. қоғамдық-саяси,
ақпараттық, сараптамалық
сайтының  бас редакторы
Фото: 
anatili.kazgazeta.kz