ТӘУЕЛСІЗДІК – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 683
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Қуанғанға құт келеді, жұлынғанға жұт келеді», – дейді бағзыдағылар. Тәуелсіздік миллиондаған жүрекке қуаныш ұялатып, асқақ арманның орындалған мерекесі. Ендеше егемендіктің қадірін бүгінгі буын мен келешек ұрпақ жете түсініп, қастерлегені абзал.

Осы орайда Талдықорғандағы Тіл сарайында «Тәуелсіздік: мәңгілік елдің берік тұғыры» атты конференция өтті. Жиынға өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен басқарма басшылары қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тәуелсіздік күні – мемлекеттілігіміз үшін сан ғасырлық күресіміздің тәжі, халықтың қайсарлығының айғағы, болашаққа деген нұрлы ұмтылысының жарқын бейнесі болған ұлы мереке. Тәуелсіздік бізге сый ретінде кездейсоқ келген жоқ» деп атап өткен болатын. Осы негізде конференция аясында әңгіме өрбіді. Егемендік алған жылдардағы атқарылған істерге шолу жасалып, Мемлекет басшысының тапсырған тапсырмаларының жүзеге асуы баяндалды. Сондай-ақ, тәуелсіздік құндылығы, бейбітшілікті нығайтудағы мемлекеттің рөлі, Президент реформасының нәтижесі, жетістіктері мен стратегиясы және бағдарламалық құжаттарының орындалуы сөз етілді. Жолдау мен ұлттық құрылтайларда айтылған бастамаларға назар аудару керектігі басқосу арқауына өзек болды.

Шара тізгінін Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет қайраткері Әміре Әрін ұстады. Ол көсіле сөйлеп, көптің көңіліндегі келелі ойды қозғады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі  жастар өткен ғасырдың  90-шы жылдарындағы  тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейтінін, әрбір азамат өзі мекен еткен жеріне жанашырлық танытуына тек ақыл айтып қоймай, өзі үлгі болатындай әрекет жасау – аға буынның міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар жас ұрпақ жаңа дәуірдің жақсысын үйреніп, ел мәдениетіне құрметпен қарап,  салт-дәстүрді жалғастыра алатындай етіп тәрбиелеу керек деген пікірін алға тартты.

Тағылымы мол кездесуде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков: «Тәуелсіздікті 1991 жылдан емес 1986 жылдан бастап алдық деп айтылса» деген ұсыныс айтты. Конференция аясында жастар тарапы ұлттық нақыштағы қазақы оюлы киімді жетісулықтар үнемі киіп жүруді үрдіске айналдырса деген тілегін жеткізді.

Шара соңында Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Кендебай Темірбайұлының шәкірттері Желтоқсан жайлы өлең оқып, көптің рухын асқақтатты.

Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ