ӘКЕ – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Уақыты: 20.12.2023
Оқылды: 595
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Осындай ержүрек жандардың беделін көтеріп, қоғамда өзіндік орнын қалыптастыру барысында аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаимен «Әке – отбасының тірегі» атты тақырыпта кездесу өтті.

Облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреевтің поэзиясымен басталған шараға өңіріміздің беделді азаматтары жиналды. Соның ішінде облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, облыстық мәслихаттың төрайымы Гүлнар Тойлыбаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов және әкелер қауымдастығы қатысты. Отбасылық құндылықты дәріптеуді алға қойған басқосу әкелердің татулық пен тұрақтылықты сақтау және ел бірлігін нығайтудағы еңбектерінің нәтижесін көрсетуді мақсат етті. 

Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы екені бәріне мәлім. Отбасының пейіл-береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, әрі дос. Ер баланың өсіп-жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше.

Әке – отбасының тірегі, қамқоршысы. Рухтың күші – әкеде деп бекер айтылмаған. Шаһардағы тағылымды шараны республикалық аналар кеңесінің төрайымы  Нәзипа Ыдырысқызы осы сөзден бастады. Ол қазіргі қоғамға ортақ түйткілді мәселелерді ашық айтты. Ұлттық тәлім-тәрбие аясында оларды шешу жолдарын нұсқады. Сонымен қатар, қазақы тәрбиенің қалыптасуына игі ықпалын насихаттады. 

Қоғамдағы ауқымды мәселелер, соның ішінде зорлық-зомбылық, жастар арасындағы ойынқұмарлық пен жат әдеттер жайлы да сөз қозғалды.

– Ер азаматтар қыз балаға қарындасына не әпкесіне қарағандай қамқорлығын көрсету керек. Қызға жасалған азғындық, қайткен күні алдыңа келетіні сөзсіз. Сонымен қатар, ер баланы аздыратын мысалдарға тоқталайық. Мәселен денсаулыққа келер болсақ, қарапайым темекіде 2% никотин болса, вейбте 67%. Электронды шылымды шегіп, шегіне жеткен қарағандылық жігіт қазіргі таңда ауруханада жатыр. Оның өкпесі суға толып қалған. Қазіргі таңда ол бала экспериментті объект. Себебі, оны емдейтін емдік медицина әлі жоқ. Үшінші мәселе, жастар арасындағы несие алу мәселесі. Көп жастар осы қарыздың кесірінен өз өмірлеріне балта шауып, суицидке дейін баруда. Оның басым көпшілігі әскери борышын өтеп жүрген жастар. Әр демалыс сайын өз қажеттіліктері үшін құмар, яғни автомат ойындарын ойнап, қарызға белшесінен батқан баланың психологиясына ауыртпалық түсіп, қиындықты еңсере алмай өз өмірлерін қиюға дейін барады. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін ата-ананың атқарар міндеті жоғары болуы тиіс, ­­­­ деп Назипа Ыдырысқызы өз ойын нақтылады.

Аталмыш форум облыстың барлық аудан-қалаларында өткізілмек. Алдағы уақытта республикалық аналар кеңесінің ұсынысымен  елімізде «Ардақты әке» атағын беру үрдісі қолға алынбақ. 

 

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: видеодан алынған кадр