Алакөлдегі қонақүй мемлекеттік қолдауға ие болды

Уақыты: 23.12.2023
Оқылды: 473
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөлдің оң жағалауында орналасқан Ақши ауылындағы «Quadrum» демалыс орны мемлекеттік қолдауға ие болды.

«KIT CONSTRUCTION» ЖШС қызметін 2017 жылы бастады. Тұрғын үй, басқа да ғимараттардың құрылысымен айналысатын аталмыш компанияның бизнес жүргізуде көпжылдық тәжірибесі бар. Соны пайдалана білген серіктестік қызметкерлері ішкі туризм саласын дамытуды ұйғарып, өздерін сынап көруде.     

Биыл ашылған қонақүй келушілерді өзгеше дизайнымен таңғалдырады.   Қонақүйдің терезелері Алакөлдің жағалауына қаратып салынған. Сол арқылы қонақтар әсем табиғатты тамашалап, көңіл-күйлерін көтереді. Тыныштық пен таза ауа, кең де жарық бөлмелердегі жайлылық, дәмді тағам түрлері мен қызмет көрсету сапасы талап үдесінен шығып тұр. Қызметкерлердің ақкөңілдігі мен мейірімділігі де демалушылардың көңіл-күйін көтеріп, жанды рахатқа бөлейді. Сөйтіп, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік алады. 2 қабатты 8 ғимараты бар қонақүйде 16 бөлме бар. Асхана да сақада сай жұмыс істейді. Бүгінде екінші қонақүй мен бассейн және балалар ойын алаңының құрылысы басталды. Яғни, бұл қонақтардың санын 100 адамға дейін арттыруға жол ашады.

Өткен жылы компания инвестиция үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан несие алды. Нәтижесінде 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында «Даму» қорының қолдауына ие болып, компанияның сыйақы мөлшерлемесінің 6% бөлігі субсидияланды. Сонымен бірге кепілдік құралымен де қолдау тапты.

А. Байжұмақызы
Ақши ауылы
Алакөл ауданы
Фото: damu.kz