Тұрғындар жылусыз қалмайды

Уақыты: 23.12.2023
Оқылды: 486
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы қыс қаһарына мініп басталды. Желтоқсан қыстың қалай боларын көрсеткендей болды. Ал тұрғындардың көңілінде «жылусыз қалмаймыз ба?» деген бір алаң бар. Жергілікті жылу стансысына барып, қарабұлақтық тұрғындардың алаңдауына негіз жоғына көз жеткіздік. «Қарабұлақ жылу» МКК басшысы Дмитрий Тарасенко мұндағы жұмыспен таныстырды.

Жылу орталығында газбен жұмыс істейтін 3 пеш бар. Бүгінде оның екеуі жұмыс істеп, үшіншісі тоқтап тұр. Қыс одан әрі қаһарлана түссе ол да іске қосылады. Осы кәсіпорыннан 1365 тұтынушы және 42 бюджеттік мекеме жылу алады. Жалпы, Қарабұлақ ауылында 22,4 шақырым жылу желісі тартылған. Биыл оның 1 шақырымына жөндеу жүргізілген.

Дмитрий Тарасенко жылу орталығы айына 700 текше метр газ тұтынатынын, бұл экологиялық тұрғыда тиімді екенін алға тартты. Айтуынша, ескі, көмірмен жағатын қондырғыға айына 800 тонна отын қажет. Есептесек, ауаға қаншама көмірқышқыл газы көтеріледі?! Оның үстіне жылу орталығының ауласы мұнтаздай. Бірер күн бұрын жауған қар әлі аппақ күйінде жатыр. Д.Тарасенко бұрын бұл маң қап-қара болып тұратынын, көмірден көтерілген ыс маңайды жауып қалатынын айтады. Қазір жылу орталығында көмір бар. Тек апаттық жағдай орын алғанда ескі қондырғы іске қосылып, көмір жағылады.

Бүгінде «Қарабұлақ жылу» МКК-де 50-ден астам маман ауысыммен жұмыс істейді. Егер апаттық жағдай орын алса демалыстағы мамандар да дереу орталықтан табылады. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар қыста жылусыз қалмайды деп ауыз толтырып  айта аламыз.

Дастанбек Садық
Ескелді ауданы
Суретті түсірген Руслан Қадыров