Керімағаш шипажайы

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 649
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Керімағаш» шипажайынан шығатын су зерттелген, қасиеттері ғылыми тұрғыда анықталып, халыққа бүгінгі күнгі мүмкіндік деңгейінде қызмет көрсетуге лайықталған. Бұл шипажайдың елге қызмет көрсете бастағанына 35 жылдан астам уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында оның терең жер өзегін жарып шыққан ыстық қайнарының шипалық қасиеті елге мәлім болып, жан азабына айналған дертіне дауа іздеген мыңдаған жанның «Керімағаш» шипажайынан сауға тапқаны елге мәлім.

Керімағаш ауылының өзі бұрын Іле өзенінің солтүстік жағалауындағы қалың қамыс, жиде мен тораңғы, жыңғыл мен шеңгел тоғайының арасына орналасқан, елеусіз елді мекен болатын. Он шақты тамнан тұратын ауылды жазда егіншілер, қыста малшылар мекендеуші еді. Өзінен 100 шақырым алыстағы «Қоңырөлең» асыл тұқымды қой кеңшарына егін егіп, мал қыстату үшін бөлініп берілген бұл ауылға шаруаға шыққан жұрт, шаршап-шалдығып барып келетін. Жолдың қиғаштығы мен шалғайлығынан оны жақын елді мекендермен біріктіріп, жеке ауылдық округ жасау мәселесі әлі айтылып жүр. Дегенмен, бұл ауылдың бағы ойламаған жерден жанып, көркін түзеуіне шипалы судың шығуы себепші болғанын да айта кетелік. 

1986 жылғы маусым айында Мәскеу түбіндегі Лобно одақтық терең бұрғылаушыларының Орта Азия бұрғылау экспедициясы Панфилов ауданы аумағындағы Керімағаш ауылының солтүстік батыс жақ іргесінен 3013 метр тереңдіктен ыстық су фонтанын атқылатты. Бұл судың құбыр түбіндегі ыстықтығы 500 градус, құбыр аузында 96 градусты көрсетті. Бастапқыда басқа мақсатта жұмыс жасаған экспедиция, жер бетіне табиғи ерекшелігі мол ыстық су фонтанын атқылатқан соң мұны жергілікті ел азаматтары халықтың игілігіне жаратуға ұсыныс жасайды. Сөйтіп, сол кездегі асыл тұқымды қой өсіретін «Октябрь» кеңшарының директоры, Қазақстанға еңбегі сіңген ауылшаруашылық қызметкері Сүлеймен Көшкінов су құрамын жан-жақты зерттеуден өткізуге әрекет етті.

Халқына пайдасы тиетін істің көзін тапса жанын сала кірісіп, нәтиже шығармай қоймайтын ауыл ағасы Сүлеймен Көшкінов негізі шаруа басқарған жан болғандықтан, бастапқыда бұл жерге жүн жуатын зауыт, көкөніс өсіретін жылыжайлар салуды ойластырады. Алайда, ыстық су шықты дегенді естіп қаладан да, даладан да ағылған жұрт бұл судың емдік қасиеті мол екенін жиі айтатын болды. Келушілердің осы пікірлері Сүлеймен Босқынбайұлын басқа ойға жетелеп, алғашқыда өзі басқаратын «Октябрь» кеңшарының еңбеккерлері демалатын 40 орынды шипажай салғызды.

Осылайша тыныш, бұйығы жатқан шағын ауыл тіршілігі жанданып, айналасы 2-3 жылдың ішінде ондаған шатырлы сәнді тұрғын үйлер көшесі пайда болды. Уақыт өте келе бұл демалыс орнының шипалық қасиеті елге жайылып, басқа да өңірлерден емделіп, демалуға келушілер көбейді. Бүгінде Сүлеймен Босқынбайұлы салғызған осы шипажай жыл өткен сайын үлкейіп, Керімағаш ауылы да жасарып, көріктеніп келеді. Сауықтыру орны 1990 жылы 23 ақпанда пайдалануға берілген болатын. Содан бері оның атағы бүкіл Қазақстанға, тіпті, шетелдерге жайылып, жыл сайын мыңдаған адам келіп демалды. 

Шипажайдың бұрынғы бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Болат Көшкінов әкесі салғызған шипажайдың емдік қасиеттерін танытумен қатар, оның айналасын саялы жасыл баққа айналдырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-  экономикалық жағдайын жақсартуға ерекше ден қойды. Сүлеймен Босқынбайұлы да 1996 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, осы ауылда шаруа қожалығын ұйымдастырып, шипажайға келген демалушыларға экологиялық жағынан таза, курортологиялық талапқа сай, табиғи азық-түлік өнімдерін ұсынуды жүзеге асырды.

Демалушыларға сапалы сүт өнімдерін ұсыну үшін Талдықорған маңындағы «Хилниченко и К» асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылығынан «Алатау» тұқымды 30 құнажын сатып алды. Солар өсіп, қазір шипажайды да, ауылдастарын да сүтке қарық етуде. Қожалықтың жүзге жуық түйесі бар, олардың боталағанынан сауылатын сүттен ұйытылған шұбат демалушыларға молынан жетеді. Шипажайда қымыз да мол. Мал өсірген соң оларға сапалы жемшөп қажет, жоңышқа егіп, жемдік жүгері өсіріп бұл мәселені де жолға қойды. Көкөніс те егіліп, тек биогумус, қарақи сияқты табиғи тыңайтқыштар пайдаланылады. Жалпы шаруашылық жұмысын жан-жақты жандандыру үшін ауылшаруашылық техникаларын да сатып алған.

Осылайша әкелі-балалы екі азамат, баяғы ел шетіндегі ескерусіз қалған ауылға ел қондырып, көшелерін жасыл желекке бөлеп, әлеуметтік жағдайын жақсартты. Қазір бұл ауылда жүзден астам отбасы түтін түтетіп отыр. Олардың көпшілігі шипажайда еңбек етеді. Шипажай ауласына салынған «Сүлеймен» мешіті келімді-кетімді халықтың күнделікті бес уақыт намазда бастары түйісетін құтханаға айналған. Мешіттің имамы Зәкіржан ұстаз ауыл тұрғындарының, осындағы орта мектеп пен шипажайда жұмыс істейтін қызметкерлердің, демалушылардың дәстүрлі діни наным-сенімі мен білімін көтеруге, теріс ағымдардың елге, мемлекетімізге зиянын түсіндіріп жұмыс жасап жүр. Алла разылығы үшін ауылына мешіт салдырған Болат Көшкін мырза: «Имамға көмектескеніміз – исламға қызмет еткеніміз» деп имамға үй тұрғызып беріп, жағдайына қарайласып отырады.

Баяғы 10 үйлі ауылда бүгінде жүзден астам отбасы түтін түтетіп, бақуатты тіршілік кешуде. Орталықтан шалғай елді мекенде бала саны көбейіп, олардың мектепке баратындары шалғайдағы Үшарал ауылына жаяу-жалпы барып оқығандықтан ауыл тұрғындары аудан, облыс басшыларына тілек айтып жүріп, шипажаймен іргелес Қызылжиде, Ақарал, Сарпылдақ ауылдарының оқушы балалары топтастырылып Керімағашта мектеп салынып 2017 жылы пайдалануға берілген болатын. Қазір Керімағаш орта мектебінде 200-ден астам бала білім алады. Бұл ауылда тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін қанағаттандыратын медициналық, сауда-саттық, пошта, шаштараз сияқты қызмет орындары жұмыс жасайды.

Осының бәрін жүз рет естігеннен бір рет көзбен көрген жақсы. Десек те «Керімағаш» шипажайына келем деушілерге, қызығушыларға оның қасиеттерін бұрынғы бас дәрігері Болат Көшкіновтің бізге берген нақты анықтамаларын түсінікті тілде айта кеткеніміз артық болмас. Айтпақшы Бөкеңді бұрынғы бас дәрігер деуіміздің мәнісі оның баласы Ербол Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетін тамамдап келіп, зейнеткерлік демалысқа жасы жеткен әкесінің ісін жалғастыруда.

Бүгінгі «Керімағаш» этнографиялық, лингвистикалық, мұсылманша шипажай. Этнографиялық дегеніміз – демалуға келген жұртқа қазақ халқының салт-дәстүрін көрсетіп, қызметкерлер ұят, әдеп, қазақы тәрбие, ізеттілік, намыс, тектілік-көргенділік, ұлтжандылық деген адами қасиеттерге лайық болуға тырысады. Лингвистикалық дегеніміз – таза қазақша сөйлеп, қазақ тілін құрметтеуді насихаттап, қазақша сөйлеуді үйренуге ниет білдіргендерге жеңіл, сыпайы түрде мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға талпынып жүр. Мұсылманша дегеніміз – ерлерге ұлдар, әйелдерге қыздар ем-дом береді. Ауылда, шипажайда мас қылатын ішімдіктерге тыйым салынған. Шипажай адал стандартпен жұмыс істейді, асханадағы тамақ осы талапқа сәйкес.

Қазақстанда тұратын барлық ұлттар осында келуде, олар бұл шипажайдың қолжетімділігі, ем-шараларының көптігі, тамақтың диетаға сайлылығы және экологиялық тазалығы, салауатты өмір салтының үстемдік етуі, ауласы мен ғимараттарының мұнтаздай тазалығы, сап түзеген гүлдер мен ағаштардың салтанат құруы, бәрін айт та бірін айт, ұжым қызметкерлерінің жібектей жайдары мінезі мен көмектесуге асығып тұратын ақниеттері, ауызбіршілік ынтымағы мен еңбекқорлығы – ауырып, шаршап келген демалушылардың жанын жадыратып, алған ем-шараларының шипасын арттырып, тағы келетіндерін білдіріп, ризалықпен үйлеріне қайтатындарын атап айтады. Шипажайдың барлық қызметкерлері мақтауға лайық. Солардың арасында кәсіпорында бұрыннан еңбек ететін – Сәлима Жүнісова, Жамалхан Әжібаева, Жайық Бейсеғұлов, Ғалия Бөшенова, Бану Бұтарбаева, Бибігүл Дабырбаева, Қуаныш Құдабаев, Ләззат Майемерова, Асқарбек Мұқаметжан, Толқын Тұрысбаева, Кәмилә Әбдіреева, Бүбіхан Шойынбаева, Гүлзада Жаманғараева, Ақмарал Тойбекова, Ғалия Қалиақбарова сияқты ардагерлердің атын атап өткен жөн.

«Керімағаш» шипажайының минералды суын ішсеңіз шөліңізді қандырып, жаныңызды жадыратады. Оның адам денсаулығына пайдалы қасиеттері – өңештегі қыжылды басып, өтті айдап, оның қабын жұмсартады. Бауырдың қызметін күшейтеді, асқазан, ішек жарасын жазады. Өт пен бүйректегі тасты ерітеді, адам ағзасын зиянды заттардан тазартады. Осы сумен ауызды, тамақты шайса кариес, стоматит, баспа ауруларын жазады. Шомылсаңыз немесе ванна қабылдағанда буын, сүйек, терідегі, қуықтағы қабынуларды басады. Омыртқа, тағы басқа жерлерде байланған тұздарды ерітеді. Қан қысымын төмендетеді, ұйқыны жақсартып, жүйкені байсалдандырады. «Керімағаш» шипажайының суымен ішекті, жыныс мүшелерін шайқағанда ішек қабынуын тоқтатып, қатқақтарды тазалайды. Әйелдер мен еркектердің жыныс ауруларын жазады. 

Санаторий корпустарында 1, 2, 3, 4-орынды бөлмелер, асхана, кітапхана орналасқан. Жазда демалушылар шомылатын қауыз жасалған. Сол сияқты шипажайда жаңа үлгіде салынған емхана, асхана қызмет көрсетеді. Демалушыларға сауықтырғыш минералдық ванналар, ішек шаю, гинекологиялық шаю, сылап булау, емдік гимнастика, физиопроцедуралар, оттегі-коктейлі, сауна ұсынылады. Шипажай жанындағы атқылап жатқан минералды ыстық су фонтанына жабық орын жасалып, «шарко – душы» іске қосылған. «Шарко» деген француз ғалымының аты – ол кезінде жабық ерекше табиғи душ жасап, оны сырқат адамдарды емдеуге пайдаланған. Ал «Керімағаш» шипажайындағы бұл душтың ерекшелігі минералды ыстық суды қолдану арқылы адам денесіне массаж жасау.

Адамдар көтеу (геморрой) ауруына негізінен суық тиіп, тікішек аузындағы тамырлардың қабынуынан шалдығады. Шипажайда көтеуді емдеу үшін арнаулы түтік арқылы су жіберіп тікішектің қабынған тамырларын емдеу тәсілі қолданылып келеді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы