Қиындықпен келген дүниенің қиқымы да қадірлі

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 686
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мәһр. «Даудың басы дайрабайдың қара сиыры» демекші, мәһр де қоғамды дүрбелеңге салуда. Ғаламтор желісінен көрдік, қыздың ауыз толтыра сұраған мәһрі үшін жігіт мешітте бойжеткенмен ат құйрығын біржолата үзісті. Мәһрді сұраудың да жөні бар емес пе?! Қыз бен жігіт сөйлесіп жүргенде жігітіңнің табысы, материалдық мүмкіндігінің шет-жағасы байқалады. Имамның алдына барғанда «Мәһрге не қалайсыз?» деген сұрақ қойылады екен. Сонда тұрмысқа шығатын жігітіңнің жағдайына да қарау керек шығар. Ертең баратын жеріңе, ата-енеңе қарайтын бет керек емес пе?! Жастар есеппен емес, ессіз сүйіп қосылса.

Қазақ: «Қызыл ет кетеді, қызыл бет қалады» демеуші ме еді? Дұрыс  ойлап, соны жан-жағыңдағыларға әдемілеп жеткізе білудің өзі жекебастың үлгісі. Қандай дүние болса да уақыты келгенде қирайды, ескіреді. Бірақ, «Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, сенің не сұрағаның, пейілің, пиғылың ел аузында өмір бойы айтылады. Кейде тойымсыздық шаңырақтың шайқалуына да апарып соғуы мүмкін. Өйткені, жігіт әлгі «Геленвагенді» немесе 50 грамм алтынды,  соңғы үлгідегі айфонды әпере алмауы мүмкін. Ал, соны алуды көздеген келіншек күйеуінің жанын жағадан алып сұрай берсе ше? Онсыз да қазір отбасын асырау оңай емес. Айлығың шайлығыңа жетпейді. Инфляция мынау жанды жағадан алып бара жатқан. «Ерегескен ел болмайды, есептескен дос болмайтынын» біле жүруіміз керек.

Мәһр сұраған кезде қыздың тәрбиесі, қандай жерден шыққандығы да байқалып қалады. Бойжеткеннің ақыл-парасаты да сынға түседі. Кейбіреулер ашкөздігін байқатып алып жатады. «Ертең ажырасып кетсек немесе күйеуім бірнәрсеге ұрынса мәһрді сатып күн көремін» дейді екен. Үйленбей жатып ажырасуды ойлаған қандай неке болмақ?!  Мұны мысықтілеу десек болар. Адам тұрмыс құрғанда  бір жастықта қартайсақ, қуанышта, қиындықта да бір болсақ деп сөз байласпай ма?! Қайырлы неке бер деп сұрамаушы ма еді жаратқаннан.  Дүние саған өмір бойы азық болмасы анық. Адамға адам ғана ес болады. Сондықтан, дүниенің өзіңде қалғанын емес, жарыңның қасында болғанын ойлаған дұрыс. Тегін келген дүниенің қадірі де болмайды. Тойған адамға тонының қайда қалғаны есеп емес. 

Жақында бір бойжеткен мешітте неке қиып жатып имамның «мәһрге не сұрайсыз?» деген  сауалына  «Шуба әпер!» деді. Ұят қой. Алтын сырға, сақинаның орны бөлек. Әшекей сыйластықтың, құрметтің белгісі. Ал, шуба кәдімгі киім ғой.  Дәл осы жерде  болашақ келіннің енесі: «Ойбу, онсыз да әпереміз ғой. Жай ма?!», – деп қалды. Яғни, ренішін байқатты. Сол жерге жиналған үлкен-кіші бір-біріне қарасып, таңғалған кейіп танытты. Ол бармай жатып өзінің  сана-сезімінен хабар берді. МәҺр жайлы қоғам белсендісі Қажет Андас: «Қыз бала тұрмысқа өзі үшін шығады. Отбасын құрып, бала-шаға өсіру парыз. Екеуі сөз байласып, алдағы өмірді бір өткізуді мақсат етеді. Енді соған ақы сұраудың өзі артық емес пе?! Бұл біздің салтымызда жоқ нәрсе. Қазақта: «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген сөз бар. Әлі үйленбеген жас жігітте үй, көлік әперетін қаржы қайдан болсын?!  Түгі болмай үйленіп, жақсы отбасы болып кеткендер көп. Себебі, ол дүниені екеулеп жинады. Қиындықпен келген дүниенің қиқымы да қадірлі.  Бірі бас болса, екіншісі мойын бола білді. Мәһр  жігіттердің үйленуіне тұсау болуы мүмкін.  «Шама жетпейтін зат сұраса қайтемін?» деп қорқақтайтыны рас. Бұл да қазақтың өсіп-өркендеуіне жасалып жатқан қиянат па деп ойлаймын...», – дейді ол. 

Мәһр деген сөздің өзі бізге түсініксіз. Егер біздің қоғамда болса  естір едік қой. Тіпті ауыз әдебиеті арқылы бізге жеткен дастан-қиссаларда да ондай сөз айтылмайды. Яғни, қоғамның дамуына пайдасы бар  салтты ғана қабылдасақ. Көпбалалы ана Фаруза Жүнісова апайдан мәһр жайлы сұраған едік. «Ойбу, жаным, ондайды білген жоқпыз. Жоқшылық кезде үйлендік. Күйеуіміз жұмыс істеп түзде жүрді. Біз бар-жоқты ұқсатып, үйде отырдық. Шүкір Аллаға, қазір балалар ержетті.  Өткен жылы ұл-қызымыз бірігіп, шал екеуміздің «Алтын тойымызды» жасап берді. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы да. Біз тату тұруды, жақсы отбасы құруды, ұл-қызымызды аман-есен өсіруді ғана ойладық. Қызды алғанда  жігіттің ағайын-туысы «қалыңмал» апарады. Оған қыздың ата-анасы жасау қайтарады. Яғни, төсек-орын береді. Ол дұрыс. Қызды өсірді-жеткізді, қалыңмал берілуі тиіс. «Әке күші», «ана сүті» деген дәстүр  бар. Оның барлығын қыздың отбасына беруді құп көремін.  Бұл – қыз баланы бағалаудың бір белгісі.  «Қалың- мал» жас келіннің жауапкершілігін де арттырады. Бірақ, соның өзін жарысқа айналдырып жатқандар бар. Ешкімге керек емес, базарда өтпей тұрған 10 пальто апарады. Екінші жақ сондай 10 пальто қайтарады. Сол шаруаны  қысқарту керек. Одан да екі жақ бірігіп, жас жұбайларға баспана алып берсе», – дейді көпті көрген кейуана. 

Көпшіліктің пікірінен кейін: «Бұл орайда имамдар не дейді, мәһрдің мөлшері бар ма?» деген сұрақ тұрды көкейде. Сауалымыздың жауабын білу үшін Талдықорғандағы «Иман» мешітінің найб  имамы Нұрлан Жұманұлына  жүгіндік. «Мәһр – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала: «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін шын көңілден тарту етіңдер...», – деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһр беру – уәжіп. Бірақ, ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ханафи мазһабы бойынша мәһрдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. «Он дирхамнан азы мәһр емес», – деген. Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. Мәһрдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін»,–  деді ол. 

Дін өкілінің сөзінен кейін жас келіншек  Айнұр  Серғазиеваның мәһр жайлы  ойын білдік. Ол  «Некелесер алдында  болашақ жарым екеуміз ақылдастық. Мен «Алқа сұрасам бола ма?» дедім. Ол келісті. Бірақ, алқаны бірден емес, тұңғыш сәбиіміз  дүниеге келген соң алып берді. Қуана тағып жүрмін» – дейді жүзі бал-бұл жанған келіншек ұяңдығымен ерекшеленіп.  

Ажырассам түксіз қалмас үшін қалталы азаматқа тұрмысқа шығайын немесе мәһрге қымбат зат алғызып, бірден өз атыма жаздыртып алайын деген пиғыл дұрыс емес. Одан да жастар  бойында иманы бар адаммен бас қосуды ойласа.   «Жақсымен жолдас болсаң, басыңды сыйлай-сыйлай  сұлтан етеді» деген аталы сөз бар.  Одан да   ер келіншегін, әйел күйеуін сыйлап, құрметтеуге үйретсек. Қуана білгенге құт, бағалай білгенге бақ қонатынын айта жүргеніміз абзал.

Гүлжан ТҰРСЫН