Алматыда белгілі журналист, қоғам қайраткері, тележүргізуші Бейсен Құранбектің өмірі мен шығармашылығына арналған көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Тағылымы мол жиынға қазақ телевизиясының майталмандары, қоғам белсенділері, журналистің ет жақындары қатысты. Онда халықтың сүйікті ұлына айналған арда азаматтың құжаттары мен марапаттары, жеке заттары мен қолжазбалары ұсынылған.
– Көрмеге 200-ге жуық экспонат тапсырылды. Бейсекеңнің өмірінен көрініс беретін дүниелер адамға қатты әсер етеді. Көрме 2 аптаға созылады. Алдағы уақытта көшпелі экспозиция жасау жоспарда бар. Облыстарды аралауымыз мүмкін, – деді Б. Құранбектің жары Гүлмира Зербай.
Көрменің ашылу салтанатына жиналған көпшілік журналист туралы ыстық естелік айтты. Қазақстанның мәдениет қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті Бейсен Құранбек 4 жыл бұрын 49 жасқа қараған шағында көз жұмды.
– Халқының сүйікті, қалаулы, жақын тартатын бауырындай болып кеткен азамат еді. Кез келген жерге барса, Бейсекеңді әр өңірдің адамдары «біз жақтың азаматы, біз жақтың тумасы» деп отыратын, – деді журналист, Б. Құранбектің әріптесі Досан Қызайбекұлы.
"Жетісу-Ақпарат"