Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өткен жылдың 12 айында өз салымшыларына 24,8 млн. қызмет көрсеткен. Оның ішінде 17,4 млн. қызметі электрондық форматта берілсе, 5,5 млн. автоматты форматта ұсынылған. Ал күндізгі формат бойынша 1,2 млн. операция жүргізіліп, оның 1 млн. астамы тікелей Қор кеңселерінде іске асырылыпты.
Сала мамандарының айтуынша, былтыр жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді-көшірмелер беру бойынша барлығы 22,7 млн. астам қызмет көрсетіліпті. Оның шамамен 17,3 млн. электрондық түрде, тағы 4,7 млн. автоматты режимде салымшылар мен алушылардың мекенжайларына бұрын таңдаған «электрондық пошта» хабарлау тәсілі арқылы жіберілген екен.
Аталған мекеме қызметкерлері БЖЗҚ сайтындағы және ұялы қосымшасындағы жеке кабинетте салымшылардың өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, ЖЗШ-ның бар екендігі туралы анықтама алуға, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беруге, төлемге өтініштің мәртебесін қадағалауға, жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аударуға, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және тағы басқа қызметтерді әлемнің кез келген нүктесінен 24/7 режимінде пайдалану мүмкіндігі бар екендігін айтады.
Өткен жылы БЖЗҚ-ның ақпараттық базасында 352 мыңнан астам жеке зейнетақы шоты ашылған. Бұл мүмкіндікке БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйелері мен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорын интеграциялау нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Есепті кезең ішінде деректемелерді өзгертуге түскен 327 мың өтініштің 253 мыңы қор кеңселерінде қабылданған.
БЖЗҚ-ның көшпелі қызмет көрсету бөлімдері – мобильді агенттер мен мобильді кеңсе экипаждары 136 мыңнан астам қызмет көрсетсе, ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында 35 мыңнан астам көшпелі таныстырылым өткізілген. Оған 761 мыңнан астам адам қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары бойынша 46 мыңнан астам материал жарияланған екен. Салымшылардан кері байланыс арналары бойынша түскен өтініштердің саны шамамен 750 мың.
Айта кетейік, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша таныстырылым жасап, ақыл-кеңес беру жұмыстарын өз кеңселеріне барып өткізуге кез келген компания өтінім бере алады. Ол үшін жай ғана 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалу немесе қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет.
Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: gov.kz