Асығыңыз! Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында тағы да тың премьера

Уақыты: 19.02.2024
Оқылды: 491
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бикен Римова  атындағы  Талдықорған драма театрында тағы да тың қойылым  ұсынылмақ. Бұл биылдың  еншісіндегі кезекті екінші премьера деген сөз.

Дәлірек айтқанда, ақпанның 22-23 жұлдызы драматург Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Қазақтың тойы бітпесін» драмасы  театрсүйер  қауымға ұсынылады.

«Қойылым несімен құнды?» деген жалқы сұраққа әзірге біздің ұсынар жауап та біреу. Бүгінде қазақ қызының шетeлдік азаматқа тұрмысқа шығуы –  солқылдап тұрған бітеу жарадай ең өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік желілерден қаракөз қарындастарымыздың өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып жататынын жиі көретініміз де жасырғысыз шындық.

Бүгінде "Таңдау адамның еркінде" дейтін топ пен "ұлттың тағдыры, ата дәстүр қалай болмақ" дейтін екінші бір топ талқы-таразыдан түспей тұр әзірге.  Міне, осы үнемі қоғамдық аңыс туғызатын аралас нeке мәселесі қойылымға арқау болады. Сіз бен бізге қызығы да осы төңіректегі шығармашыл топтың шешімдері болатын сынды.

"Екінші топ" демекші, қазақ «Қыздың ары – ұлттың ары» деп бекер тәпсірлемесе керек-ті. Солай болғасын да аталған спектакльде  жадағай  «жаңашылдыққа», орынсыз оспадар қылықтарға ауыл азаматтарының қалай қарсы шыққаны көрсетіледі.

Осы ретте, автор аралас неке мәселесімен қоса, бүгінгі таңдағы қордаланған біраз тақырыптарды көтереді. Мәселен, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ауылдың азып-тозуы, тіпті экономикалық мәселелер де драматургтің қаламынан қалыс қалмағандай. Оны да қойылым барысында саралап-салмақтай аласыз. 

Сонымен таразы басы, мизам биігінде бірі – жақынын  жатқа  қимаған қазақтың бүгінгі тәрбиесі тұрса, екінші басында махаббатын өзге  ұлттан  іздеген қазақ қызының таңдауы тұр дерсіз. Олардың арасындағы қарама-қайшылық – сіз бен біздің жанайқайымызбен үндес. Кімді шын түсініп, кімге жаныңыз ашиды. Оны тағы сіздің сотыңыз шешеді, мәртебелі көрермен. 

Айта кетерлігі, бұған дейін драматург Әлібек Байбол жазып, жас режссер Рамазан Үсен сахыналаған "Таптым-ау сені" иммерсивті қойылымы ұсынылып, премьера көрермен тарапынан жақсы бағаға ие болған еді. 

Ендеше, бүгінгі уақыт талабынан туындаған тың қойылымға келіңіз. Көріңіз!

Асығыңыз! Ақпанның 22-23 жұлдызы театр сіздерді күтеді, ағайын!

«Жетісу-Ақпарат»