Талдықорғандағы Тіл сарайында өткен Қазақстан халқы Ассам- блеясының тарихына арналған телекөпірде Ассамблея төрағасының орынбасары Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Алғыс айту күнімен қатар келген мерекенің маңыздылығына тоқталып, «Жомарт жан», «Қайырымдылық керуені» акцияларының қайта жалғасатынына тоқталды. Алқалы жиында әрбір этнос өкілдері сөз сөйлеп, еліміздегі береке-бірлік пен ынтымақ, татулыққа ризашылықтарын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев айтулы күнге байланысты бірнеше мекемені аралап, мамандарға көпшіліктің ризашылығын жеткізді. Марлен Қапашұлы алдымен белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Бүгінде мұнда 300-ге жуық ата-апалар келіп, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Жаңа ғимаратқа көшірілген орталықта қарттардың спортпен шұғылдануына, газет-журнал оқуына, мерекелік шаралар өткізуіне жағдай жасалған. Спорттық қондырғылар, шахмат тақталары, демалыс бөлмелері көпшіліктің игілігіне берілген орталыққа келушілер жас кездерінде елдің өркендеуіне үлес қосқан, еңбекпен есейген жандар. Өмірлері көпке үлгі. Аға буын өкілдері білім шаңырақтары, жастар шоғырланған мекемелерге барып, кездесу өткізіп, жастарды тәрбиелеуге де өзіндік үлес қосуда. Олар барлық құрметке лайық.
Орталықта композитор Бақберген Асқарбеков басқаратын ансамблі бар. Ансамбль қаладағы көпшілік шараларда концерт қойып, тұрғындардың көңілін көтеруде. Әдемі қартаюдың үлгісін көрсетуде. Бұл күні орталық әншілері Алғыс күніне арнап әннен шашу шашты. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мерекеде Марлен Қапашұлы Ақшабай Керімбеков басқаратын қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зейнеткерлерге алғыс айтты.
– Сіздер Қазақстанның өркендеуіне өз уақытында еңбек сіңірдіңіздер. Бүгінде соның рахатын ұрпақ көруде. Осындай гүлденген мемлекет құруға күш салғандарыңызға рахмет. Енді сол еңбектің зейнетін көріңіздер. Бүгін сіздерге жаңа спорттық қондырғылардың сертификатын сыйға тартамыз. Белсенді өмір сүрулеріңізге септігін тигізсін. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, – деген облыс әкімінің орынбасары одан кейін «Айсұлу» тігін фабрикасына барды. Мұнда бүгінде 250 адам еңбек етеді. Бірнеше ауданда филиалдары бар. Олар негізінен арнайы киімдер тігумен айналысады. Жетістіктері көңіл толтырарлық. Марлен Қапашұлы жеңіл өнеркәсіп саласын жандандырып жатқан мамандарға алғыс білдіріп, қыз-келіншектерге гүл шоқтарын сыйлады.
Келесі мекеме қалалық көпсалалы аурухана. Ақ желеңді абзал жандар «өмірдің дөңгелегін» айналдырушылар. Олардың адам жанын арашалау үшін күн мен түнді алмастыра еткен еңбегі өлшеусіз. Дәрігердің жұмысында «қателесу, кешігу, босаңсу» деген болмайды. Олар әрқашан денсаулық сапында. Сондықтан бұл күні денсаулық сақшыларына да алғыс білдірілді.
– Алдымен Жаратқан, содан кейін адам жанының арашашысы сіздерсіздер. Жанымыз қысылса сіздерге келеміз. Адамдардың өмірін ұзартуға өз септіктеріңізді тигізіп жатырсыздар. Денсаулық сақтаушыларға елдің ризашылығы шексіз. Мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Көпсалалы аурухананың жас маманы Темірлан Қылышбаев өзін емдеу ісіне баулып жүрген аға буын дәрігерлерге арнап:
– «Медицина деген сөздің өзі «медет» сөзімен байланысты. «Медет бол» деген сөзбен басталады. Көпке медет болу абыройдың төресі. Медицина адамзаттың асыл тәжі. Бізді жас демей жауапты оталарға қатыстырып, үйретіп жүрген аға буынға айтар алғысымыз шексіз, – деп ұжымның үлкендеріне ризашылығын жеткізді. Кішінің үлкенге ізет білдіруі қазақы дәстүріміздің көрінісі еді.
Бұдан кейін Марлен Қапашұлы перинаталдық орталыққа барып, ана мен баланың амандығы үшін еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс білдірді.
– Жақында үшем дүниеге келді. Балалар саны көбейіп келеді. Бұл жерде сіздердің еңбектеріңіз зор. Ана мен бала аман болсын! Өмірдің жібін жалғап жүрген еңбектеріңізге береке берсін, – деген ол перзентхана дәрігерлеріне гүл шоқтарын табыстады. Құшақтары гүлге толған денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мекемеге барлық жағдай жасап отырған облыс басшылығына разылықтарын жеткізді.
Бұдан соң Марлен Көлбаев бастаған құттықтаушылар тобы Достық үйіне бас сұғып, бірлігі жарасқан көпұлтты орталықтың еңбегіне жеміс тіледі. Қазақстан Республикасының гүлденуіне біркісідей үлес қосып жатқан көпұлтты отандастарға береке-бірлік тіледі. Жиын соңы этно-мәдени орталықтардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Гүлжан ТҰРСЫН
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ