Стандартқа сәйкес пе?

Уақыты: 12.03.2018
Оқылды: 1164
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жол бойындағы нысандарды халықаралық стандартқа сәйкестендіру жұмыстарын жеделдету керек. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. 

Бүгінде өңіріміздегі республикалық және жергілікті маңызы бар жол бойларында халыққа қызмет көрсететін 335 нысан бар. Өткен жылы соның ішіндегі 100 нысанды халықаралық стандартқа сәйкестендіру қолға алынды. Оған дүкен, тамақтану орындары, жанармай құю бекеті, тағы да басқа нысандар енді. Алайда, олардың бірінде азық-түлік дүкені болса, бірінде дәретхана қарастырылмаған. Май құю бекетінде дүкен жоқ. Кейбір нысандар күрежолдың бойына жақын орналасқандықтан қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған. Ал «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» мен «Алматы – Талдықорған» жолының кеңейтілуіне байланысты қызыл сызыққа кіріп қалғандар да бар. Десе де, бір жылдық жұмыстың нәтижесінде 100 нысанның 80-і ұлттық стандартқа сәйкестендірілген. Қалған нысандардың стандартқа сәйкестендірілмей қалу себебін тиісті мекеме өкілдері бөлінген қаржының жетіспеушілігімен түсіндірді. 
Осы ретте облыс әкімінің орынбасары жиынға қатысушыларға халықаралық, республикалық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік дәлізі мен «Алматы – Қапшағай» күрежолының бойына салынатын сервистік нысандардың орнын анықтауды, құрылыс жұмысын қадағалауды тиісті мекеме өкілдеріне тапсырды. Сонымен қатар, құрылысы басталған «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық» жолының бойындағы нысандарды ұлттық стандартқа сәйкестендіру жұмысына ерекше көңіл бөлу қажеттігі сөз етілді. 
Жиын соңында Айдарбек Естебекұлы отырыста қаралған мәселелердің алдағы уақытта да назардан тыс қалмайтынын ескертіп, жұмыс қарқынын жылдамдатуды міндеттеді.

Қажет АНДАС